×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Жаңаөзендік наразы мұнайшылардың мәселесі толық шешілді – Мырзағалиев

20.06.2023, 09:16
Жаңаөзендік наразы мұнайшылардың мәселесі толық шешілді  – Мырзағалиев
Коллаж: Ulysmedia.kz

"ҚазМұнайГаз" компаниясының басқарма төрағасы Астанаға келіп наразылық білдірген жаңаөзендік мұнайшылармен келіссөз нәтижелі аяқталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мырзағалиевтің сөзінше, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС-нің бұрынғы қызметкерлері «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС-ға жұмысқа орналасуға келіскен.

“Осыған дейінгі ұсынысты қабылдады. Уәде етілгендей олармен үш жылдық келісімшарт жасалды. Қазір жұмысқа кірісіп кетті. Мұнайшылардың мәселесі толық шешілді деуге негіз бар», -  деді ол. 

"ҚазМұнайГаз" басшысы 19 сәуірден бері компания жіберген комиссия Жаңаөзенде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

“Комиссия жұмысы аяқталуға жақын. Жұмыс нәтижелері жайлы толық баяндау үшін баспасөз мәслихатын ұйымдастыратын боламыз. Сол жерде БАҚ-тың барлық сұрағына жауап беріледі”, – деді ол.

Еске салайық, 10 сәуірде  Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірді.

Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етті. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деді. Олар таңды сол жерде атырды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастапқыда мұнайшылардың талабы айқын еместігін айтқан.

Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов  жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.

Кейіннен жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқаны хабарланды

11 сәуір күні кешке пикет ұйымдастырған Жаңаөзен мұнайшыларын қауіпсіздік қызметкерлері ұстап әкетті. Жерлестерінің ұсталғанын естіген бойда Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.

Көп ұзамай Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеөтініш жасап, мәселені түсіндірді, сабырлыққа шақырды.

12 сәуір күні таңертең жаңаөзендік мұнайшылар үйлеріне қайтып бара жатқандарын мәлімдеп, жерлестеріне алғыс айтты.

Бас прокуратураның дерегінше, Астанада Жаңаөзеннен келген 126 адам ұсталған. Олардың бесеуі “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша ескерту түрінде жаза тағайындалған.

Бұдан бұрын “ҚазМұнайГаз” басшысы жаңаөзендіктермен үш жылдық келісімшарт жасау мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген.

Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанада ереуілге шыққан мұнайшылар мәселесін шешу үшін арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатқанын айтты.

Мамырдың соңында Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС-нің басшылығы «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС бұрынғы қызметкерлерімен  кездесу өткізген. Мұнайшылар ұсынылған шарттарды қарастыруға уақыт сұраған еді.

Жуырда жаңаөзендік жұмысшылардың Астанаға қайта келгелі жатқаны хабарланды. Күрмеуі көбейген мәселеге қатысты Маңғыстау облысының әкімі Ноғав  пікір білдірген.