×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Күдебаевтың елден қашуын Шекара қызметі Қазақстан жерінің кеңдігімен түсіндірді

16.08.2023, 12:23
Күдебаевтың елден қашуын Шекара қызметі Қазақстан жерінің кеңдігімен түсіндірді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің жауапты қызметкерлеріне экс-генерал Серік Күдебаевтың шекарадан қалай қашып кеткені жөнінде сұрақ қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Еске салайық, биыл маусымда бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Серік Күдебаевтің ел шекарасынан қалай өткенін айтып берген еді. 

Оның сөзінше, Алматы облысы полиция департаментінің экс-басшысы шекараның өткізу пунктінен өтпеген.

«Ол шекарамыздан тыс жерден Қырғыз мемлекетіне өтіп кеткен. Шекараға жеткізген көлік жүргізушісіне де оның мұндай әрекетке баратыны белгілі болған. Сол себепті өзі де жауапкершілікке тартылып жатыр. Ол (Күдебаев) шекараның өткізу пунктінен өтпеген. Кеген ауданында шекара темір торының астын көтеру арқылы өтіп кеткен», - деді Өмірәлиев Мәжіліс кулуарында.

Бүгін Шекара қызметінің басшылары өткізген баспасөз мәслихатында журналистер экс-генералдың қалай шекарадан өтіп кеткенін сұрады.

“Экс-генералдың қашып кеткенін қалай түсіндіресіздер? Қоршаудың астынан оңай өтіп жүре беруге бола ма?” – деп сұрады журналистер. 

Бұл сұраққа жауап берген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі шекара күзеті департаменті бастығының бірінші орынбасары полковник Серік Ахметқалиев «Қазақстан жерінің кеңдігін» айтып кетті.

“Барлықтарыңыз мәлім, Қазақстан дүние жүзі бойынша аумағы жағынан тоғызыншы орын алады. Шекараның ұзындығы 15 мың шақырымнан асады. Әр таулы, сулы, шөлді аймақтардың бәрінде шекара бөлімшелері қызметтерін атқарады. Бар жақта да шекара сенімді түрде қорғалады”, – дейді ол.

Ахметқалиев артынша ”Күдебаевқа келер болсақ, Алматы облысы Кеген ауданының сотының шешімімен Күдебаев мырза қылмыстық кодекстің 392-бабына сәйкес, қылмыстық жазаға тартылды. Шекараны қасақана бұзғаны үшін” деп бәріне белгілі ақпаратты қайталады.

Еске салайық, сот шешімі бойынша Алматы облысы ПД экс-басшысы Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сәуірдің басында генералдың сот үкімі шықпай тұрып Қазақстаннан қашып кеткені хабарланған болатын. Тілшілеріміз экс-шенеуніктің 23-24 наурыз күндері Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өтіп, Бішкекке арқылы Түркияға жол тартқанын анықтады. Оған халықаралық іздеу жарияланды.

27 сәуірде Бас прокуратура Серік Күдебаевтың Түркияда ұсталғанын мәлім еткен.

Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев Серік Күдебаевтың елден қашуына ІІМ жауапты емес екенін айтты.