×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қамаудағы журналист Думан Мұхаметкәрім саусағын шауып, аштық жариялайтынын мәлімдеді

22.08.2023, 12:08
Қамаудағы журналист Думан Мұхаметкәрім саусағын шауып, аштық жариялайтынын мәлімдеді
Коллаж: Ulysmedia.kz

Адвокат Жалғас Сапарханова Талдықорғандағы тергеу абақтысында отырған журналист Думан Мұхаметкәрімнің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Талдықорған қаласындағы №71 тергеу абақтысында отырған Дәкеңмен (Думан Мұхаметкәрім -ред.) кездесіп, көріп шықтым. Оның осы уақытқа дейін қойған талабы әлгі күнге дейін орындалмай келе жатқанын білесіздер, талабы – Алматы қаласында орналасқан №72 мекемеге өзін ауыстыру еді, себебі ата-анасы зейнеткер болғандықтан, олардың келіп-кетуіне алаңдайды, уайымдайды”, – деп жазды қорғаушы.

Адвокаттың сөзінше, талабы орындағандықтан, журналист 19 тамыз күні сағат 15:00 шамасында сол қолындағы бесінші, кіші саусағын шаппақ болған.

“Қапаста ешбір темір зат болмағандықтан, пластикалық затты алып саусағын шаппақ болғанда пластикалық зат сынып кеткен, нәтижесінде саусағы жырылып, көгеріп, ісіп кеткен”, – дейді Жалғас Сапарханова.

Думан Мұхаметкәрім 1 қыркүйекке дейін талабы орындалмаса, аштық жариялауға, содан соң саусағын шабуға бекініп отырғанын айтыпты.

Еске салайық, Думан Мұхаметкәрім 20 наурызда Facebook желісінде жазба жариялап, 21 наурыз күні түстен кейін алаңға шығатынын мәлімдеп, өзгелерді де оған қосылуға шақырғаны үшін қамауға алынды. Қамауда отырғанда журналист аштық жариялады.

15 сәуірде ол қамаудан босатылып, халықты тағы да митингке шақыратынын мәлімдеді.

2 мамырда тағы 25 тәулікке қамауға алынды.

Бұдан бұрын адвокат Ғалым Нұрпейісов Әблязовпен сұхбаты үшін журналист жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтқан.

26 мамырда босап шыққан Думан Мұхаметкәрім 28 мамырда қайта қамауға алынды

2 маусымда журналистің тергеу изоляторында тағы да аштық жариялағаны белгілі болды.

Көп ұзамай оның әкесі әкесі Алмаз Тілепов те ас-судан бас тартатынын мәлімдеді. Іле аудандық прокуратурасына барған Думан Мұхаметкәрімнің ата-анасы ұлдарының заңсыз ұсталып отырғанын, денсаулығы нашарлағанын айтып, оны босатуды талап етті.

Жуырда Думан Мұхаметкәрімнен "Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік" (Қылмыстық кодекстің 258-бабы) бабы бойынша қылмыстық істе куәгер ретінде жауап алынып жатқаны хабарланған. Оның үйінде тінту жүргізілді. Кейінірек журналистің жағдайы күрт нашарлағаны хабарланған еді.

Думан Мұхаметкәрімнің Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатын мына сілтемеден көруге болады.