Жанболат Мамайдың адвокаты Ернар Кенжебаев негізгі сот талқылауы кезінде қорғауындағы азаматтың құқығы бұзылғанын айтып, Конституциялық сотқа шағымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы тіркелмеген Демпартия көшбасшысының жұбайы, журналист Инга Иманбай мәлім етті.
“Адвокат қорғау құқығы бұзылды деп есептейді, өйткені прокурор алдымен орташа ауырлықтағы баптармен айыптау қорытындысын шығарды, содан кейін оларды сот талқылауы кезінде ауыр деп санады, бұл сот пен заң алдында барлығының тең болуына мүмкіндік беретін Конституцияға қайшы. Сонымен қатар Жанболат Мамайға қойылған шектеулер де оның азаматтық және саяси құқықтарын таптау деп санаймыз. Сондықтан, Жоғары сотқа касациялық шағым түсірместен бұрын Конституциялық сотқа жүгінуді жөн санадық”, – деп жазды журналист.
Бұл шағымнан бөлек, Жанболат Мамайдың өзі Бостандық сотына қоғамдық-саяси және журналистік қызметпен айналысуға тыйым салуға қатысты үкімін нақтылау туралы өтініш жазған. Атап айтқанда, сотқа оның құқық қорғау қызметімен айналыса ала ма, азамат ретінде сұхбат беруге құқығы бар ма, жоқ па деген сұрақтар қойылды.
Сот отырысы онлайн режимде 15 қыркүйекке белгіленген.
Еске салайық, сот Жанболат Мамайды 6 жылға шартты түрде соттады. Оған қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салынды. Жанболат Мамайға «Қасақана жалған ақпарат тарату» (274-бап), «Билік өкілін қорлау» (378-бап) және «Жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру» (272-бап) бойынша айыптар тағылған еді. Алғашқы екі айыптау 2021 жылғы оқиғаларға, ал үшіншісі 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға қатысты.
Маусымда апелляциялық сот тіркелмеген Демпартия көшбасшысына шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырған болатын.
Мамай ісін зерделеген БҰҰ жұмыс тобы Қазақстан үкіметіне үндеу жолдап, белсендінің негізсіз сотталғанын мәлімдеген.