×
439.43
473.31
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
439.43
473.31
4.82

«Бізді адастырды»: Мұхамедиұлының тергеуге ілінген әйелі апелляция сотында сөйледі

12.09.2023, 10:34
Фото: Ulysmedia.kz

Астана қалалық сотының апелляция алқасы Арыстанбек Мұхамедиұлы және экс-министрмен бірге сотталған үш адамның ісін қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Осы жылдың маусымында шыққан үкімге бұрынғы Мәдениет және спорт министрімен бірге сотталған Алмаз Нұразхан, Айым Сәдуақасова, Азамат Көшенов те келіспейді. Шағымды қалалық соттың апелляциялық коллегиясында судьялар Солтыбаев, Есімова, Әмірғалиев қарады. 

Адвокат Әміренова өзінің қорғауындағы Алмас Нұразхан қазіргі уақытта басқа іс бойынша соттан өтіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, аталған істе айыпталушы өтеуге міндеттелген соманы төлеп жатыр. Оның бұл өтінішін Айым Сәдуақасованың адвокаты Нұрбаева да қолдады.

Сотталған Көшеновтың адвокаты Темірболатов бұрын шыққан үкімге байланысты қайтадан экономикалық сараптама тағайындап, сот тергеуін қайта жүргізуді талап етті. 

Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақова апелляция сотында күйеуінің қоғамдық қорғаушысы ретінде сотқа өтініш білдіргенін атап өтті. Ол бұрын алғашқы сот шешімі шықпай тұрып 111 млн теңгені не үшін бергенін түсіндіруге тырысты.

“2022 жылдың қараша айының басында бізге сараптама тапсырылды. Ол кезде жалпы шығынның көлемі 111 млн теңге деп есептелген. Адвокаттар айыптау тарапымен келіссөздерді жүргізді. Ол кезде бізге қалалық антикор өкілдері “сол шығынды өтесеңдер, күйеуіңізге тағылған айыптың квалификациясы өзгереді” деп айтты. 7-8 қарашада екі траншпен осы соманы өтедім. Маған сол кезде, адвокат ақшаны берген кезде “Алтын адам шеруі көрмесі бойынша Арыстанбек Мұхамедиұлының шығынды өтеуі” деп жаз деді. Мен солай істедім. Ақыры, басқа сараптама шықты да, мүлде басқа сома көрсетілді. Менің күйеуіме тағылған бап бойынша квалификация өзгертілген жоқ. Бізге “күйеуіңіз айыбын мойындады” дейді. Бірақ бізді адастырды. Күйеуім осы арқылы кінәсін мойындайтынын білдіргісі келмеген”, – дейді Ғалия Ысқақова.

Экс-министрдің әйелі “111 млн теңге қате төленіп кетті” деп, бүкіл инстанцияға жазғанын айтады. Артынша құқық қорғау органдары Ысқақоваға тек ақшаны сот шешімі шыққаннан соң ғана төлеуі тиіс болғанын айтқан. 

“Алайда бізге бұл туралы ешкім ештеңе түсіндірмеді. Мен де, күйеуім де заңгер емеспіз. Ол кезде біздің адвокатымыз – Несіпбаев, Шайхина, Жаппарова еді. Олар келіссөз жүргізді. Біз солардың заңгерлік біліктілігінен үміттендік. Сол соманы төледік. Бүкіл туыстарымнан ақша алдым. Сотқа мен қатысқан кезде бұл жайтты судья Ыдырысовқа айттым, бәрін түсіндіріп, судьядан осы ақшаны маған қайтаруды сұрадым. Себебі біз кінәні мойындамаймыз. Үкім шыққан кезде судья мен күйеуім үшін төлеген сол ақшаны осы іс бойынша келтірілген жалпы шығынға қоса салды. 156 млн теңге – жалпы шығын деп таныған судья қалған 46 млн теңгені сотталушылар тең бөліп төлеуі керек деп шешім шығарды. Не себепті? Мен адвокаттың өтінішімен келісемін. Осы мәселеге назар аударуды өтінемін”, – деді Ғалия Ысқақова.  

Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Әйгерім Әнуарбек бұл өтінішті қолдайтынын, не себепті бүкіл шығынды ол өтеуі керектігін айтты. Сот барысында басқа адвокаттар істің кейін қаралуына қарсылық білдірді. 

Прокурор Аймағанова Алмаз Нұразханның басқа ісі бұл іске қатысы жоқ болғандықтан, сотты жалғастыру керек деп есептейтінін айтты. Қайтадан экономикалық сараптама жүргізуге, сот тергеуін қайта бастауға қарсы шықты. 

Адвокаттардың өтінішін қараған судья Ғалия Ысқақованың өтініші алда талқыланатынын айтып, мәселені ашық қалдырды. 

Еске салайық, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі және 189-бөлігі 4-тармағы 2-тармағы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлымен қатар Ұлттық музей басшысы болған Алмас Нұразхан, «Экспонат» мердігер ұйым директорының орынбасары Азамат Көшенов пен осы компанияның есепшісі Айым Сәдуақасова 7 жылға сотталды. Олар қылмыстық заңбұзушылыққа қатысты деген айыппен кінәлі деп танылды. Сот шешімімен 6 жасар қызы бар, жалғызбасты Айым Сәдуақасованың баласы Сәдуақасованың туыстарының біріне немесе қамқорлық мекемесіне тапсырылатын болды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың 28 мамырында қамауға алынған болатын.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.

Үкім шыққаннан кейін көп өтпей, Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты пара беруге итермеледі деген күдікке ілінген еді. Ал шілде айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрдің әйелі Ғалия Ысқақованы күдікті деп танылғанын мәлім еткен.

“Арыстанбек Мұхамедиұлының жазасын жеңілдетіп, оны қамаудан босату сылтауымен адвокат өз қорғауындағы экс-министрден 460 000 доллар алған. Артынша осы соманы сот органдарының лауазымды тұлғаларына бермек болған. Тергеу барысында параның бір бөлігі – 255 000 доллар анықталып, тәркіленді. Қалған соманы күдікті өз қажетіне жұмсаған", - деп хабарлады антикор.

Серіктес жаңалықтары