Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 200,8 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 675,2 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 трлн 525,6 млрд теңге қарастырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, еліміздегі зейнеткерлер саны – 2 млн 305 мың адам.
2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 937 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 83 072 теңге, базалық зейнетақы – 37 865 теңге.
“2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 100% белгіленеді”, – деп түсіндірді ведомство.