×
439.43
473.31
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
439.43
473.31
4.82

"Халықтың ашуында шек болмайды": депутат жылу орталықтарының сапасыз жөнделуі жайлы

11.10.2023, 11:14
Коллаж: Ulysmedia.kz

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров бюджеттен көп қаражат бөлінген жылу электр орталықтарының жөндеу сапасы үшін  Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жеке жауап беретінін еске салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәжілістің жалпы отырысында Сайыров депутаттар өңірлердің жылу беру маусымына дайындық дәрежесін тұрақты негізде тексеретінін мәлімдеді. Ол жақында Теміртаудағы ЖЭО-2, ЖЭО-3 және Қарағандыдағы жылу желілеріне барғанда көңіл көншітпейтін нәтижелер көргенін атап өтті.

Атап айтқанда, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-на қарасты ЖЭО-2-де жылу қазандықтарының тозғаны анықталған. №4 қазандықты жөндеуді аяқтау мерзімі қазан айының соңына дейін ұзартылды. Ал №7 жаңа қазандықтың құрылысы келесі жылдың соңына дейін созылған.

Сайыровтың айтуынша, Теміртауда ЖЭО-ға төрт қазандықтың жабдығы жеткізілмеген.

"Жөндеу жұмыстары, тиісінше, кестеден кешігін жүріп жатыр. Жылыту маусымының уақтылы басталмау қаупі бар. Жылыту маусымы әлі басталмай тұрып, апат болып жатыр. Қарағанды ЖЭО-3 апаты бүкіл қаланың энергия торабының күйреуін тудырды. Мұндай қарқынмен қыста Екібастұздағы жағдай қайталанбай ма? Егер бір жердеқұбыр жарылса, халықтың ашуында шек болмайды. Сіз және сізге дейінгі министрлер олигархтармен бірге ЖЭО мәселелерін саясаттандыруға жол бердіңіздер. Алдағы жылыту маусымы үшін халық, президент және Парламент алдында өз жауапкершілігіңізді сезінесіз бе?" – деп сұрады депутат.

Энергетика министрлігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев жылу беру маусымы бойынша Үкімет, жергілікті атқарушы органдар үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті.

«Республикалық және жергілікті бюджеттерден 55 млрд-қа жуық ақша бөлінді. Оның ішінде тек жылу энергетикасы объектілеріне 37,1 млрд теңге. Қарағанды энергия торабы бойынша, иә белгілі бір проблемалар бар. Атап айтқанда, Арселор Миттал Теміртау ЖЭО-2 бойынша. Қазір 4 қазандық, 2 турбина жұмыс істейді. Төртінші қазандық бойынша артта қалушылық бар», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Министрдің мәліметінше, Теміртаудағы ЖЭО-2 жұмыстар 30 қарашада аяқталады.

«Жеке жауапкершілікке келетін болсақ, иә, біз жеке жауапкершілікті сезінеміз. Депутаттық корпус алдында да, халық алдында да барлық сұрақтарға жауап беруге дайынбыз», - дейді ол.

Еске салайық, бұдан бұрын Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов 10 қазандағы жағдай бойынша елдегі жылу электр орталықтары жылыту маусымына 100% дайын екенін мәлімдеді.

Энергетика министрлігі ел қалаларына жылу беру кестесін жариялаған. 2 қазанда Астана қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жылыту маусымы басталды.

Сондай-ақ, министрлік Қазақстанның 4 қаласында тұрғындарға жылу уақтылы берілмеуі мүмкін екенін ескертті.

Серіктес жаңалықтары