Өскеменде студенттердің жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті мәлім етті.
"ҚР ҚК-нің 304-бабының 1-бөлігі(санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – деп хабарлады полицейлер.
Кеше, 10 қазанда "Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі" КММ-нің бірінші курста оқитын 10 студенті жедел жәрдеммен Ана мен бала орталығына жеткізілген.
Дәрігерлердің айтуынша, барлық студентке "тағамдық токсикоинфекция" диагнозы қойылды. Науқастар тексеруден кейін амбулаториялық емделуге жіберілген.
Бүгіннен бастап колледж білімгерлері қашықтықтан оқытуға ауыстырылды, асхананы жалға алушы зертханалық зерттеулер нәтижелері шыққанға дейін қызметін тоқтатты. ШҚО ДСК деректері бойынша талдау үшін өнімдер, су сынамалары алынған.
Айта кетейік, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланғаны хабарланған. Уланған балалардың бірі бірден қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, балалардың улануына тамақтың қатысы жоқ.
28 тамызда уланған балалардың тағы бірі көз жұмды. Бір қызығы, оқиғадан бері екі айдан астам уақыт өтсе де министрлік Қарағандыда балалардың жаппай улану себебін әлі атай алмай отыр.