×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Ескі Қазақстанның елестері: Лондон төріндегі Мусин мен Рысқалиев Отанын сағына ма екен

28.02.2024, 13:59
Коллаж: Ulysmedia

«Ескі Қазақстанның елестері» өздерінің бар екендіктерін, жоғалып кетпегендіктерін оқтын-оқтын көрсетіп қояды. Күні кеше бұқаралық ақпарат құралдары Аслан Мусин мен Бергей Рысқалиевтің Лондондағы сәнді дүкен фонында түскен фотосын жариялады. Ulysmedia.kz неліктен бұл сурет интернет кеңістікке шыққанын және Назарбаев дәуірінің ұмыт бола бастаған “қаһармандарының” кенеттен пайда болуының себептерін зерттеп көрді. 

«Бізді ұмытпаңдар»

Қазнетте жарияланған фотода Назарбаев билігі тұсында  әртүрлі жоғары лауазымдарда болып, саяси элитада салмақты орнымен ерекшеленген Аслан Есболайұлы мен Атырау облысын басқарған Бергей  Рысқалиев бар. Олардың жайбарақат, ештеңеден сескенбей, еркін тұруы нені аңғартқандай? 

Мусин кім, Рысқалиев кім, жас буын бұларды жіті танымауы мүмкін. Бірақ Қазақстанның саясаты мен тарихына қызығушылық танытатын адамдарға оларды таныстырып жатудың өзі артық. Олар бұрынғы режим кезінде миллиардтарды қалай ұрлауға болатынын көрсеткен шенеуніктер. Қазір шетелде, бай-бақуатты, шалқып өмір сүріп жатыр. 

Аслан Мусин

Ақтөбе облысының тумасы Аслан Мусин жақында, 2 қаңтарда 70 жасқа толған мерейтойын атап өтті.

Оның қызметтік өсу жолы адам қызығарлықтай: бақандай 7 жыл өзі туған аймақтың әкімі болды, одан кейін 4 жыл Атырау облысын басқарды, бұдан соң Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, Парламент Мәжілісінің төрағасы болды. ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы және Есеп комитетінің төрағасы болып та қызмет етті. Оның соңғы қызметі Қазақстанның Хорватия, Босния және Герцеговина, Черногориядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды.

2017 жылдың қаңтарында зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты қызметінен босатылды. Расында, отставкаға кетудің ресми себебі Аслан Есполайұлының Қазақстанның игілігі жолында жасаған күнәлерінің шамадан тыс көп болып кетуі еді. Ал оның Елші болып тағайындалуы Назарбаевтың сенімді серігіне деген кеңпейілділігі еді. Саясат сахнасынан түсетін уақыты баяғыда келсе де, Назарбаев өзіне адал болған жанды қалай жарылқау керектігін жақсы білетін. 

Маңызды қызмет

Оның қызметтік карьерасынан ең маңызды орын алатыны Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы лауазымы болды. Саяси салмағы артып, кадрлық ауыс-түйістерді бір өзі ыңғайлай беретін Аслан Мусинді замандастары Қазақстан саясатындағы сұр кардинал деп атайтын. 

Дипломатиялық қызметке ауысқанға дейін Мусин Назарбаев кадрларының ішіндегі ең беделдісі болды. Оның принципсіздігі, тек өз басын күйттеген нарцистігі қаншалық жоғары болса, администратор ретіндегі қажыр-қайраты мен біліктілігі де сондай жоғары бағаға лайық еді. 

Сыбайлас жемқорлық, коррупция сияқты жанжалдардың бас қаһарманына айналмаса да, экономиканың барлық саласында жүріп жатқан ірі-ірі келісімдер мен лауазымды орынға кадрдың тағайындалуы сияқты маңызды мәселелердің бәрі Аслан Есполайұлының мақұлдауынсыз жүзеге аспайтын. Қолында түк жоқ болса, Черногорияға жүздеген млн.еуро инвестиция құйып, сол елдің азаматтығын ала алар ма еді. 

Бұқаралық ақпарат құралдары да жазғандай, Мусиндер отбасы 2014 жылдың маусым айының басынан бері Софияның қарқынды дамып келе жатқан ауданында үлкен жер теліміне иелік етеді. Мұндағы құрылыс жұмыстарына салынған инвестицияның жалпы құны 200 миллион еуродан асады. Бизнесте бір күн де ​​жұмыс істемеген адам Еуропада жайлы әрі уайым-қайғысыз өмір сүру үшін жүздеген миллиондарды қайдан алды? Кейбір мәліметтер бойынша ол Рига қаласында тұрып жатыр. 

Бергей Рысқалиев 

Бергей Рысқалиев 57 жаста, Атырау облысының тумасы. Ол AАСИ (қазіргі Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы) және М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетін инженер-құрылысшы және заңгер мамандықтары бойынша тәмамдаған. 

Еңбек жолын «Запказэнерго» АҚ СМУ-да прораб болып бастаған Бергей Рысқалиев жылдар өте саяси карьерасын Атырау облысының әкімі лауазымында аяқтады. Мұнайлы өңірге өзінің ізашары Аслан Мусиннен кейін әкім болды. Оның қызметтік түйіндемесінде Аслан Мусиндікіндей айтулы лауазымдар жоқ. Солардың ішінен іліп алары - “CNPC -Ақтөбемұнайгаз” компаниясында директорлар кеңесінің мүшесі, Атырау облыстық мәслихатының хатшысы, “Нұр Отан” партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы секілді қызметтер ғана.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі

2000-шы жылдардың басында Рысқалиевтің мансабы тез өсті. Оған себеп сол жылдары Ақтөбе және Атырау облыстарын бірінен соң бірін басқарған А.Мусиннің ықпалы болатын. Мусиннің беделі зор болғаны соншалық, оны “Қазақстанның батыс аймағының қожайыны” деп атайтын. Бірақ Рысқалиевтің дәурені тым ұзаққа созылмады, бас тіреп баратын Мусиннің өзі құрдымға кететін болып, оның кесірі ізбасарына да тиді.

Атырау облысының бұрынғы әкімі, миллиардтаған доллар жымқырды деп іздеуде жүрген Бергей Рысқалиев 2006 жылы облыс басшысы болып тағайындалған сәттен бастап ұйымдасқан қылмыстық топ құрған, деп жазады «Ақ Жайық» газеті Атыраудағы сотта прокурорлар келтірген айыптау қорытындысына сілтеме жасап. 

Айыптаушы тараптың айтуынша, Рысқалиев құрған қылмыстық топтық әр мүшесі ортақ мүддеге адал, басшының айтқанын бұлжытпай орындайтын, алдағы жоспарды тиянақты іске асырып, ауыр қылмыстар жасауға сақадай сай жүретін әккілер екен. 

Осының алдында Бергей Рысқалиев Президент жарлығымен қызметінен босатылған еді. Атырау облысы әкімі қызметінен кетуін ресми Астана “денсаулық жағдайына байланысты” деген себеппен жылы жауып тастады. Бұл 2012 жылдың 16 тамыз күні болатын. Рысқалиевтің қылмыстық әрекетінен мемлекетке 71 млрд.теңге шығын келген. Мемлекет қабылдаған шаралардың арқасында бюджетке 23,4 млрд.теңге өндірілген. 11 адам сырттай сотталды. Бергей Рысқалиев, оның Мәжіліс депутаты болып отырған бауыры Аманжан Рысқали және тағы басқа туыстары сырттай сотталды. 

Сондай-ақ Швейцария Конфедерациясының Федералдық прокуратурасы ағайынды Рысқалиевтерге қатысты “жүздеген миллион еуро қаражатты елден заңсыз алып шықты” деген күдікпен қылмыстық іс қозғап жатқаны хабарланды. 

Іздеу салынды

Бергей Рысқалиев 2012 жылы Атырау облысының әкімі қызметінен босағаннан кейін бірден елден кетті. Онымен бірге ағасы, бұрынғы Мәжіліс депутаты Аманжан Рысқали да қашып шыққан. Мәжілістегі әріптестерінің айтуынша, Аманжан Рысқали қазақша да, орысша да екі сөздің басын құрай алмайды. 

2013 жылдың қаңтар айының соңында Бергей Рысқалиевке іздеу салынды. 2019 жылдың қаңтарында Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев сырттай 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Ағасы Аманжан Рысқали 16 жылға кесілді. 

Бұқаралық ақпарат құралдары жазғандай, ағайынды Рысқалиевтердің елден қашып кетуіне билік көз жұма қараған. Әйтпесе 71 млрд.теңге ұрлады деп айыпталған экс-әкімді тырп еткізбейтін күштік құрылымдар бар еді. 

Жаңаөзен оқиғасы

Б.Рысқалиевтің қылмысын санасаң, есебіне жету қиын. 2011 жылы Жаңаөзенде және Шетпе станциясында болған ереуілдер мен атыс-шабыстың бір ұшы осы Бергейге келіп тіреледі. Жеке басылымдардың жазуынша, Жаңаөзендегі «төңкеріс» тудырған арандатушылардың ізі көршілес Ақтөбе облысына дейін жеткен. Белгілі болғандай, ол жерде содырлар лагері сияқты жаттығу орындары ұйымдастырылған. Ал, біраз уақыттан кейін арнайы қызмет оны ұйымдастырғандарды тауып, мұның барлығының артында сол кездегі облыс әкімі Бергей Рысқалиев тұрғанын анықтады. Мұның артында тек Рысқалиев қана тұрмаған секілді, өйткені Жаңаөзендегі ереуілде тұрған мұнайшыларға арандатушылар жіберу, төңкеріп тастау бір ғана адамның әрекеті емес. Оның артында биліктің жоғары эшелонындағы адамдар тұрғаны анық (Бұл тақырыпқа төменде қайта ораламыз).

Саясат сақал сипағанша…

Рысқалиев Еуропаға қашқаннан кейін бірнеше жылдан соң Қазақстанда біртүрлі оқиғалар легі басталды. 2020 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов ҚР-ның Жоғарғы Сотына Бергей Рысқалиев пен оның ағасы Аманжанның мүлкін тәркілеу бөлігіндегі үкімін қайта қарау туралы кассациялық наразылық арызын түсірді. 

Атырау облысының бұрынғы әкіміне қатысты сырттай сот өткеннен кейін бір жылдан соң Бас прокуратура тәркіленген мүліктің бір бөлігін Рысқалиевтерге қайтару туралы шешім қабылдады. 

Бас прокурор Бергей Рысқалиевтен төрт ЖШС-дегі үлесін, үш жер учаскесін (Астана, Атырау және Ақтөбеде), Атыраудағы пәтер және Алматыдағы жылжымайтын мүліктердегі үлесін қайтаруды сұрады. Сонымен қатар, Бас прокурордың талабы бойынша, Андорра Князьдігінің банктерінде сақтаулы 13 млн. 602 мың доллар депозиттерді бұғаттан шығару керек еді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2020 жылғы 16 маусымдағы қаулысымен Қылмыстық кодекстің сыбайлас жемқорлық, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, басып алу және басқа да ауыр баптары бойынша айыпталған ағайынды Бергей мен Аманжан Рысқалиевтерге, сондай-ақ олардың сыбайластарына тәркіленген мүліктері қайтарыла бастады. Бір қызығы, сот процестерінде адвокат болған заңгер Абзал Құспан қазір Парламент Мәжілісінің депутаты.

Бұқаралық ақпарат құралдары жазғандай, биліктің мұншалықты мүләйімсуі оғаш көрінеді. Талдап қарасақ, біріншіден, бас прокуратура мұндай қадамға өздігінен ешқашан бармайды. Екіншіден, билік саяси жауларына да, атышулы қылмыскерге де бұрын-соңды мұндай аяушылық танытпаған. Биліктің бұл тосын кеңпейілдігін түсіндіретін гипотезалардың бірі – Рысқалиевтің қолында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы жинаған компроматы болған. 

Әйтпесе тәркіленген мүлікті қайтару процесін Бас прокурордың қолымен істетудің не қажеті бар еді?

Бұған жауапты қазір Мәжіліс депутаты болып кеткен саясаттанушы Айдос Сарым беріпті.

– Соңғы жылдары бірнеше жобаны қаржыландырған Бергей Рысқалиевпен билік келісімге келіп жатыр. Мәміле іске асқан сияқты. Бұл жерде әңгіме біреудің бопсалауына негіз болған компроматтарда емес. Бұл үлкен саясат, ал саясатта мәңгілік жау да, дос та болмайды. Тек мүдде ғана болады», – дейді Айдос Сарым.

Партия қожайыны

Біраз уақыт үнсіз қалған Бергей Рысқалиев 2018 жылы күтпеген жерден бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажегелдинмен бірге «Жаңа Қазақстан» қоғамдық қозғалысын құрып, бір жылдан кейін қозғалысты таратқанын мәлімдеді. 

Рысқалиевтің саяси ойындары мұнымен біткен жоқ. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияны (ЖСДП) Жармахан Тұяқбай басқарған кезеңде партияның 200 мың доллар қарызы болған, ал партияның қазіргі төрағасы Ермұрат Бәпи сол 200 мың доллар қарызды Б.Рысқалиевтің жауып бергенін айтты. Соған қарағанда ЖСДП-ның негізгі қожайыны осы Б.Рысқалиев болып тұр. Айта кетейік, Е.Бапи мен ЖСДП-ның 4 мүшесі де қазір парламенттің төменгі палатасында депутат болып отыр.

Назарбаевты тізерлеткен компромат

Бірақ ең таңғаларлық жаңалық 2019 жылдың күзінде болды, ол кезде интернетте Нұрсұлтан Назарбаевтың миллиардерлер Владимир Ким, Болат Өтемұратов және Қазақстанның Ұлыбританиядағы бұрынғы елшісі Ерлан Ыдырысовпен бірге Лондонда серуендеп жүргені бейнеленген видео пайда болды. Адамдардың серуендеуінде ерекше ештеңе жоқ, бірақ одан әрі не болғаны туралы.

Ермұрат Бапидің айтуынша, сол күні Лондонда Рысқалиевтер отбасы Нұрсұлтан Назарбаевты бопсалаған. Назарбаев Кимнің резиденциясында жасырынғаннан кейін (және Әлішер Усмановпен жоспарланған кездесуден бас тартуға мәжбүр болған) үйді Бергей Рысқалиевтің жақтастары қоршап алған. Олар Рысқалиевтің мүлкін оның меншігіне қайтаруды талап етті. Ыдырысов келіссөзге шығып, Рысқалиевке бәрі қайтарылады деп уәде беріп кетеді. Бапидің айтуынша, ол "Бергей мен оның адамдары Назарбаевтың жас тоқалын қоршап алып, сұрақ қою кезінде шешіндіре бастаған видеоны" көрген. «Бұл шамамен 40 минутқа созылды. Ол бейшара жылап, «мен әлемдегі ең бақытсыз әйелмін. Кешіріңіз мені. Уақыт келеді, мен де саған барамын. Менің Қазақстаннан басқа баратын жерім жоқ...» дейді видеода. Бергейдің өзі бұл видеоны телефонынан  көрсетті», – дейді Бапи. 

БАҚ-тың хабарлауынша, Рысқалиев осыдан кейін  бұл бейнежазба көпшілікке тарамауы үшін Назарбаевтан ақшалай өтемақы алған.

kz.media-ға сілтеме жасаған «Новая газета Казахстан» басылымының жазуынша,  «Рысқалиевтердің қолында Жаңаөзендегі қырғынға қатысты салмақты құжаттар бар. Ол көпшілікке көрсетілетін болса, онда тек Елбасының ғана емес, Қазақстанның да абырой-беделіне зор нұқсан келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, Аслан Мусиннің нұсқауымен ұйымдастырылған Жаңаөзендегі арандатушылық әрекеттер жайлы құжаттар айналып келгенде осы қылмыстық топтың пайдасына жараған. 

Кейбір мәліметтерге қарағанда, біз айтып отырған компромат құжат бейбіт шерушілерге оқ ату туралы бұйрықты Қасымов емес, Назарбаевтың өзі бергені туралы жазба болуы мүмкін. Бұл Қазақстанның тұңғыш президентін жіпсіз байлаған үлкен құпия.  Олай болса, Рысқалиевтің қазіргі Қазақстанның саяси элитасына ықпал ету деңгейі біз ойлағаннан да жоғары.

Ескі Қазақстанның екі шенеунігі Лондон көшесінде жайбарақат фотоға түседі. Осы әрекеттің өзінде қандай саяси астар жатқаны жақын уақытта белгілі болып қалар. 

 

Серіктес жаңалықтары