×
475.03
517.21
5.44
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
475.03
517.21
5.44

Әскерден қайтқан табыттар: Қазақстан әскерінде неге суицид көбейіп кетті

13.06.2024, 10:22
Коллаж: ulysmedia.kz.

Толқын Ғалымованың 20 жастағы ұлы жарты жыл бұрын әскерде қайтыс болды. Ботасын іздеген аруанадай аңырап қалған ана әділдік іздеп, соттың табалдырығын тоздырып жүр.  Оның айтуынша, баласының өліміне оның әскердегі командирлері мен жасы үлкен қаруластары кінәлі.

Толқын ел билігінен әділдік сұрап, Қазақстан армиясындағы қанқұйлы әрекеттерді тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әскердегі өмірдің көлеңкелі тұстары

Орал қаласының тумасы Арсен Ишанов былтыр көктемде Қонаев қаласындағы әуе-десанттық әскеріне әскери борышын өтеуге келген.

- Оны үйден екі полиция қызметкері мен бір әскери қызметкер алып кетті. Ол өзі де әскерде болуды армандайтын. Әуе-десанттық әскерлер қатарына қабылданғанда, қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап, мұнда қызмет ету азамат үшін абырой екенін айтқан еді. Мен оған бұл оңай болмайтынын, сақ жүру керектігін осыншама ескертіп едім, – дейді марқұм Арсеннің анасы көзіне жас алып.

15 мамырда ол ұлының ант беру рәсіміне бөлімшеге келгенде, оның қатты өзгергенін байқаған.

- Ұлымның өзгергені таң қалдырды. Көзінде бұрынғыдай от жоқ, жанарындағы ұшқын сөнген секілді көрінді. Бұрын күліп-ойнап, көңілді жүретін. Себебін сұрағанымда, алаңдауға еш негіз жоқ деп айтты. Мен сенбедім. Ол бұл ер азаматтар арасындағы әңгіме деді.

Бопсалау және әлімжеттік

Арсеннің анасының айтуынша, бұл – әскер қатарына өзінен бұрын алынған сарбаздардың ісі. Баласының өліміне де солар тікелей кінәлі. Әскерге шақырылғандардың шығынын мемлекет толықтай өзі көтеретініне қарамастан, Арсен соңғы кезде үйден ақша сұрай бастаған. Жігіт басында 2-3 мың теңге сұраса, кейін бұл сома 10 мың теңгеге де жеткен.

 – Бірде 20 мың сұрады, кейін 30 мың алды. Мен таңғалып, мұның бәрін не істейсің деп сұрадым. Ол мұнда күн ыстық, сусын сатып аламын, сарбаздардың туған күніне ортамыздан ақша жинаймыз деді. Мен оның бұл сөзіне сендім және сұраған сомасын беріп отырдым. Оның ақша сұрауы жиілеп кетті, апта сайын достарынан, туыстардан, таныстарынан ақша сұрайтын, — дейді анасы Толқын Галимова.

Соңғы рет ол ұлымен ол қайтыс болардан бір апта бұрын сөйлескен. Жауынгер анасынан 100 мың теңге сұраған. Кейін белгілі болғандай, ол осы күндері барлық туыстары мен достарынан да ақша сұраған екен.

7 қарашада Арсен Ишанов өз-өзіне қол жұмсады. Құқық қорғау органдары ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге итермелеу) бойынша қылмыстық іс қозғады, бірақ дәлелдердің болмауына байланысты тергеу ісі аяқсыз қалған. Қайтыс болған сарбаздың анасының айтуынша, үнемі ақша сұрауының өзі әскердегі қысым мен бопсалаудың, әлімжеттіктің дәлелі бола алады.

– Бас прокуратураға, Алматы, Қонаев қалаларының прокуратураларына арыз жаздым. Ұлымның қайтыс болғанына жеті ай болды. Олар маған ұлыңыз өз-өзіне қол жұмсады, бұл оның өз шешімі, бізде біреуді кінәлайтындай нақты дәлел жоқ дегенді айтты. Мен оларға банктік анықтамаларды көрсеттім. Банктерден жалпы сомасы 194 мың теңге несие алған. Мен бұл анықтамаларды тергеушілер мен прокурорларға көрсеттім, бірақ олар ештеңе істемеді. Айғақтардың жоқтығынан іс жабылды, - дейді сарбаздың анасы.

Ол сондай-ақ ұлымен бірге әскери борышын өтеген сарбаздың әңгімесін алға тартты. Арсеннің жолдасының айтуынша, марқұм болған сарбазды сержанттар екі күннің бірінде ұрып-соққан.

– Оның айтуынша, ұлымды сержанттар ұрып-соққан. Жаттығулар кезінде үлгермей қалдың деп ұрған, қысқасы, қиыс кеткен сәттердің бәрінде оны ұрып-соққан. Ұлым бұған төзбеген, рухани сынып кеткен, - дейді Толқын Галимова.

Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ол армия басшылығына мәлімдеме жасап, қылмыстық істі қайта қозғауды және ұлын суицидке жеткізгендерді жазалауды талап етті.

Әйел сержанттардың аты-жөнін айтудан бас тартты, бірақ айтуынша, олар әлі де Қонаевтағы сол әскери бөлімде қызмет етеді.

– Мен баламның өліміне қатысты қылмыстық істі соңына дейін жеткізуді талап етемін. Әскери бөлімнің басшылығы жазалансын. Сержанттар, офицерлер, командирлер жауап беруі керек. Олар әлі де сол жерде жұмыс істейді, - деді ол.

Марқұмның анасы Қарулы Күштерде шұғыл реформалар жүргізу керектігін, әйтпесе мұндай қайғылы оқиғалар тоқтамайтынын айтты.

– Бұл біздің армиядағы бірінші және соңғы жағдай емес. Мұндай оқиғалар әлі де болуы мүмкін. Әскерде әділеттілік жоқ, офицерлер балаларымызды қорлап, зорлап, өзін-өзі өлтіруге итермелейді. Адам құқықтары дегенді біздің Армиямыз білмейді. Ана ретінде, осы елдің азаматы ретінде мен әділдіктің салтанат құрғанын көргім келеді.

Әскердегі суицид

Естеріңізге сала кетейік, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза тапты. Бас әскери прокурордың орынбасары Мақсат Қазиев соңғы төрт жылда әскерде 90-ға жуық өз-өзіне қол жұмсау фактілері тіркелгенін хабарлады.

2022 жылдың тамыз айында Жамбыл облысы Шөлдала шекара бөлімінде әскерге келгеніне алты ай ғана болған 18 жастағы Бекбол Мираш өлі күйінде табылды. Ол асылып қалған. Сот-медициналық сараптамалардан кейін марқұмның аузында және киімінде бөгде жігіттің ұрығы анықталды.  Адвокат Сержан Пралиевтің айтуынша, әскери қызметкерді өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық болуы мүмкін.

Былтыр Сенат депутаты Геннадий Шиповских сарбаздардың өлімі үшін әскери бөлім басшыларын түрмеге жабуды талап етті.

Ал жақында Мәжіліс депутаты Константин Авершин әскери қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру жүйесін енгізуді ұсынды.

Асем Гумарова

Серіктес жаңалықтары