×
446.49
475.38
4.79
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
446.49
475.38
4.79

Әкім рейтингі: Баталов қызметін қандай көрсеткіштермен аяқтады

24.11.2021, 14:46
Коллаж: ulysmedia.kz

Кез келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері сол облысты басқаратын әкім мен оның командасының жұмысына тікелей байланысты. Бүгін біз әкімі ауысып жатқан Алматы облысының осы көрсеткіштерін саралап, сол арқылы орнын босатып жатқан Амандық Баталовтың жұмысын бағалап көрмекпіз. Артық даттау мен мақтаудан тыс нақты сандар мен көрсеткіштер не дейді?

Әкімнің жұмысын бағалауда Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне жүгініп көрелік. 2021 жылдың қаңтары мен қазаны аралығында, яғни 10 айда шикізаттық емес салалардағы инвестициялық белсенділік рейтингінде Алматы облысы 14 облыс мен 3 қаланың ішінде 12 орында тұр. Жалпы елде құрылыс (+120,6%), ауыл шаруашылығы (41,9%), сауда (+31,4%), жылжымайтын мүлікке қатысты операциялар (+17,4%) салаларында инвестиция көлемі артқанымен, Алматы облысы бұл көште аутсайдер өңірлерге (Қызылорда, Түркістан, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары) жақын орналасыпты.

Әйтсе де өңдеу өнеркәсібі көрсеткіштері жағынан Алматы облысы Алматы қаласынан ғана алға шығарып, рейтингте екінші орынға тұрақтапты. Өсім бұл бағытта 14 облыс пен қалада байқалған.

Пандемия басталғалы тоқыраған салалардың ішінде бірінші болып құрылыс саласы қайта қарқын ала бастағаны белгілі. Дәл осы құрылыс секторында жоғары өсім қарқынын сақтау рейтингінде Алматы облысы 17 өңір мен қаланың ішінде 7-ші орынға жайғасыпты. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсімі Маңғыстау және Ақмола облысында, сондай-ақ Алматы қаласында тіркелген.

Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша Амандық Баталовтың командасы қатты мақтана алмайды. Себебі бұл рейтингте Алматы облысы 14-ші орында тұр. Маңғыстау облысы мен Алматы қаласы секілді көрсеткіші «минусқа» түсіп кеткен өңірлерге қарағанда өңірдің бұл бағытта көрсеткішінде сәл ғана өсім бар екен.

Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өндіріс көлемі жағынан Алматы облысы үшінші орында тұр. Бұл тұрғыда Баталовтың алдына Әбілқайыр Сқақов пен Даниал Ахметов қана шыққан.

Бюджеттен бөлінген қаражатты игеру жағынан Алматы облысы Алматы қаласы, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарымен қатар аутсайдерлер қатарында тұр.

Ал Үкімет басшысы Асқар Маминнің бағалауынша, қаңтар мен қазан айларының қорытындысы бойынша Алматы, Жамбыл облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер өскен. Бұл туралы премьер-министр осы жылдың 10 қарашасында өткен Үкімет отырысында мәлім еткен.

Еске салайық, Алматы облысын 2014 жылдан бері басқарған Амандық Баталов бүгін қызметінен босатылды. Оның орнына Қанат Бозымбаев тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары