Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында бір сөйлеген сөзінде елде жасалып жатқан реформаларға, экономика мен саяси мәселелерге тоқталумен қатар, байлыққа жету үшін беттің арын жиып қойып, барын салатын блогерлер мен өзін “табысты азамат” ретінде көрсететін жандарды сынға алды.
Ulysmedia.kz Қазақстанда әлеуметтік желілерде сән-салтанатты өмірді жиі насихаттайтындардың кімдер екенін анықтады.
Global Wealth Report 2024 деректеріне сүйенсек, Қазақстанда "байлар" санатына долларлық миллионер болып саналатын 44 мың адам кіреді. Олардың барлығын аты-жөнімен атап шығу мүмкін болмаса да, орта таптан айтарлықтай жоғары тұрып, ашық түрде "сәттілікке жетудің" үлгісін көрсететін тұлғалардың бірқатарына тоқтала кетейік.
Блогерлер
Көпшілік алдында өз өмірі туралы жиі айтатындар, әдетте, блогерлер – бұл олардың кәсібінің басты ерекшелігі.
Мадлен
Мәдина Мамадалиева, көпшілікке Мадлен деген лақап атпен танымал, 26 жастағы алматылық қыз, сән-салтанат сөзімен тікелей байланыстырылатын тұлға.
Ол жиі шетелге сапар шегіп, люкс санаттағы қонақүйлерде демалады. Әсіресе, Дубайға жиі барады. Биыл Испанияға жеке ұшақпен барып, құны 450 мың еуро тұратын Lamborghini Urus көлігін сатып алды. Оның үстіне, ол әрдайым бренд киім киіп, бірнеше Hermès Birkin премиум сөмкелерін иеленген, олардың бағасы 11 мың доллардан басталады.
Мадленнің айтуынша, мұндай өмір салтын жүргізуге Instagram-дағы жарнама арқылы табатын табысы жетеді. Айта кету керек, алматылық блогердің Instagram-да 2 миллион жазылушысы бар.
Маған "сен үлкен көрінесің" деп жазудың қажеті жоқ, мен бай болғандықтан, солай көрінемін - деген еді блогер.
Дархан Жолшыбеков
Сән-салтанатты өмірін көрсетуді ұнататын тағы бір танымал блогер – Дархан Жолшыбеков. Оның Instagram парақшасында 3 миллионнан астам оқырманы бар.
Дархан қымбат заттарын жиі көрсетіп тұрады. Ол 300 миллион теңгеге өзіне үй, 80 миллион теңгеге ата-анасына пәтер сатып алып, жұбайына бірнеше көлік сыйлаған. Өткен жылы ол әйеліне 50 миллион теңгеге кабриолет алса, осы аптада 125 миллион теңгеге бағаланатын шектеулі шығарылымдағы Mercedes-AMG G63 Grand Edition көлігін сыйлады.
Өзін "бизнесмен, блогер, ең жақсы әке және күйеу" деп атайтын Жолшыбековтің былтыр жыл соңында басы дауға қалған еді. Белгілі болғандай, ол бұрынғы сүйіктісіне алимент ретінде небәрі 15 мың теңге ғана төлеп жүрген. Бұл іс сотқа жетіп, биыл мамыр айында блогер қызына қомақтырақ алимент төлеуге міндеттелді.
Ерболат Жанабылов
Ерболат Жанабыловпен пен оның жұбайы Эльмира да сән-салтанатта өмір сүретіндердің бірі. Ерболаттың Instagram-да 8 миллионнан астам оқырманы бар, олар Ерболаттың талғамын жақсы біледі, яғни брендтер мен премиум көліктерге деген махаббаты барын көріп-біліп отырады.
Жанабылов әйеліне Cartier француз үйінің зергерлік бұйымдарын және т.б. қымбат сыйлықтар беріп тұрады. Шілде айында ерлі-зайыптылар екі қабатты үй сатып алды және бұл, әрине, олардың иелігіндегі жалғыз жылжымайтын мүлік емес.
- Бұл біз үшін квест сияқты, біз бір үйді жөндеп бітісімен, келесі үйдің жөндеу жұмыстарына кірісіп жатамыз, - деді Жанабылов.
Сондай-ақ жас отбасында люкс автокөліктердің үлкен коллекциясы бар: Rolls Royce, Mercedes-AMG G 63 жол талғамайтын көліктері, Lexus LX 600 және Lamborghini Urus 2024 кроссовері – Қазақстандағы ең қымбат көліктердің бірі.
Жанабыловтар отбасының оқырмандары жастардың ақшаны қайда шашарын білмей жүргеніне наразы. Мәселен, Жанабылов шілдеде көлікке су құйып, бассейн орнатып, досымен бірге астананы аралап жүргені қазақстандықтардың ашуын туғызды. Қазнет қолданушылары желідегі атақты блогерге айыппұл салуды талап етті.
Альбина Бектенова
Өзін "коуч" және танымал психологтың продюсері деп атайтын Альбина Бектенова өз байлығы туралы айтуға құмар.
Оның Instagram желісінде шамамен 300 мың жазылушысы бар, ол оларға күн сайын өз өмірінің егжей-тегжейін бөліседі – Мальдив пен Дубайда демалу, әлемге әйгілі Fendi, Prada, Louis Vuitton брендтерінің киімдері мен әшекейлері. Бірде блогер бір аптаның ішінде 2 миллион теңгеден астам қаржы жұмсайтынын мойындаған еді.
Қымбат қайырымдылық
Қоғам қайраткерлері де көпшіліктің назарында жүретін адамдар санатына кіреді. Олардың ішінде сән-салтанатты өмір сүретіндері де бар:
Гүлмира Әбдірашева
Гүлмира Әбдірашева "ҚазМұнайГаз" компаниясында 10 жыл жұмыс істегеп, ұлттық компаниядан кеткеннен кейін қайырымдылықпен айналыса бастады. Міне, осы арқылы ол танымалдылыққа ие болды. Ол мұқтаж жандарға көмектесу үшін "Клуб Добряков" волонтерлық қозғалысын құрған және өз парақшасында жануарларды күтіп-бағуға арналған үй-жайларға көмек жасау мақсатында қаржы жинайды.
Сонымен қатар, Гүлмира өзінің сәнді өмірін Instagram арқылы көрсетуден жасқанбайды. Ол түрлі елдерге саяхаттап, танымал брендтердің заттарымен түскен суреттерін жариялайды. Оның парақшасынан Louis Vuitton және Chanel сөмкелері, Prada аяқ киімдері, және құны бірнеше мың доллар тұратын Van Cleef & Arpels әшекейлері бар суреттерді көруге болады.
Перизат Қайрат
Соңғы жаңалықтардың фонында Перизат Қайратты таныстырудың қажеті жоқ шығар. Дегенмен, еске сала кетейік, ол – Biz Birgemiz қайырымдылық қорының басшысы. Перизат Қайрат шамамен 2 миллиард теңгені жымқырды деп айыпталып, бұл жағдай Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желілердегі сән-салтанатты өмірді сынауына себеп болды.
Перизат өзінің сән-салтанатты өмір салтын жасырмаған және мұның барлығына гүл бизнесі мен БАӘ-ге ет экспорттау арқылы жеткенін мәлімдеген. Оның парақшасы сән-салтанатқа толы. Ол шетелге жиішығып, Jumeirah Mina A'Salam бес жұлдызды курорттық қонақүйінде демалатынын көрсеткен. Мұндай қонақүйде түнеп шығу бағасы 250 мыңнан 800 мың теңгеге дейін барады. Сол суретте My Dior Top Handle сөмкесін көрсеткен, оның бағасы 3500 доллар тұрады. Перизат Қайраттың осындай фотолары өте көп.
Мәдениет және өнер
Шығармашылық индустрия өкілдері де әлеуметтік желілерде белсенді. Сән-салтанатты өмірді сүйетіндер арасында мыналарды атап өтуге болады:
Мәдина Сәдуақасова
Қазақстандық танымал әнші Мәдина Сәдуақасова өзінің ауқатты өмірін көпшілікке көрсетуге әуес.
Ол Түркияның Жерорта теңізі жағалауындағы Аланья қаласынан пәтер сатып алғанын айтқан. Сонымен қатар, Алматыдағы элиталық тұрғын үй кешеніндегі пәтеріне рум-тур жасаған. Жақында ол 10 жастағы ұлына 40 миллион теңгеге Lexus автокөлігін сыйлады.
Қыран Талапбек
Қазақстанның ең танымал мобилографы, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейнероликтерін түсірген Қыран Талапбек те сән-салтанаттыөмірді қалайды.
Өткен жылы ол 1,5 миллион доллар тұратын сәнді зәулім үйін көрсеткен. Осы тізімдегі басқа адамдар сияқты, Қыран да көліктерге ерекше қызығушылық танытады – ол Rolls-Royce және VIP нөмірлі Chevrolet Corvette көліктерін мінеді. Жазда Қыран Алматы тауларын тікұшақпен тамашалап, бұл сапарға 6 миллион теңге жұмсағанын мәлімдеген.
Айта кетейік, шілде айында Қыран Талапбек "Құрмет" орденімен марапатталған.
Айнұр Көпбасарова
Алматыдағы опера және балет театрының директоры Айнұр Көпбасарова бірнеше рет Ulysmedia.kz мақалаларының басты кейіпкері болған. Көптеген дау-дамайларға қарамастан, ол әлеуметтік желілерде белсенділігін жалғастыруда.
Оның парақшасынан сәнді әшекейлерге деген қызығушылығын байқау қиын емес. Айнұрдың суреттерінен Louis Vuitton, Fendi, Dior және Hermès Birkin сөмкелерін жиі көресіз. Бұл сөмкелердің бағасына бір пәтер сатып алуға болады.
Айта кетейік, 2022 жылы ол Астанадағы өз пәтерін 400 миллион теңгеге сатылымға қойған еді.
Кәсіпкер Руслан Шаекин
Кәсіпкерлер, әдетте, өз өмірлерін әлеуметтік желіде көрсетуді ұната бермейді. Алайда, бұл Руслан Шаекинге қатысты емес – ол Қазақстандағы танымал рантье әрі "101 друг Шаекина" атты бизнес-подкастың авторы.
Шаекин өз парақшаларында Қасым-Жомарт Тоқаевтың "сән-салтанатты өмірді әлеуметтік желіде жарнамалаудың қажеті жоқ” деген мәндегі сыны орынды деп есептейді. Алайда, соған қарамастан, бір сөзінде өзі де жеке бренді үшін 250 мың доллар жұмсағанын ашық мойындап, қымбат мейрамханаларға баруы, саяхаттары және бизнес-класс рейстерін жиі көрсетеді. Бұған қоса, жас кәсіпкерлерге ақыл-кеңестер беруге тырысады.