«Келесі аптада Мәжіліс тарайды» деген ақпарат желдей есіп жүр. Парламенттегі бұл көңіл-күйді депутаттардың өзінен де байқауға болады. Жарлық жақындаған сайын жарғақ құлағы жастыққа тимей көзге көрініп қалғысы келіп жатқандар бар. Келесі сессияға ілінбейтінін сезетіндері сұраққа селқос жауап береді.
Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте депутаттардың төменгі палатаның тарауы жөнінде ойын біліп, олардан «өзіңізді келесі шақырылым депутаты ретінде көресіз бе?» деп сұрап көрді.
«Енді шыдамаймын»...
Депутат Ирина Смирнова қазіргі депутаттар көп өтпей төменгі палатадан кететінін білетінін атап өтті.
«Ол туралы президент те айтты ғой. Бірақ ресми түрде әлі ештеңе делінген жоқ. Өзіміз де күтіп отырмыз», - дейді ол.
Смирнованың айтуына қарағанда, Мәжіліс бұл жолы президент шешімі бойынша тарайды. «Ал біз сізді келесі сессияда көреміз бе?» деген сұраққа Ирина Смирнова «шынымды айтсам білмеймін, егер мені таңдап алса, көресіздер» деді ол. Ал мажоритарлы жүйемен депутаттыққа таласуға ниеті жоқтығын айтады.
«Мажоритарлы жүйе бойынша бармаймын. Енді шыдамаймын. Өйткені оның өте күрделі екенін білемін. Бір кездері Алматы қаласы мәслихатының депутаты болғанмын. Ол кезде бәріміз мажоритарлы жүйемен бардық. 8 орынның бірін иеленгенмін. Өте қиын болды. Бірақ екінші жағынан өте «классно» болғанын да атап өтуім керек», - дейді ол.
«Мен емес, партия шешеді»
Ал мәжілісмен Дүйсенбай Тұрғанов біздің бұл сұрағымызды жүре тыңдады. Сұраққа жауап беруге бейілді емес екенін білдірді.
«Естіген жоқпын оны», - деді Мәжілістің тарайтыны туралы ақпарат жайлы депутат.
Тұрғанов «дәл қазір кездесуге бара жатқанын, ешкім нақты ресми айтпаса, ол жайлы бір сөз айту ерте» екенін айтқан күйі асығыс кетіп қалды. «Орныңызбен қоштасқыңыз келмей ме?» деген сұраққа бара жатып «онда тұрған ештеңе жоқ» деді.
Ақ жол партиясы атынан Қазыбек Иса да жауап беруге аса бейілдік танытпады. «Келесі сайлауға түсесіз бе?» деген сұраққа ол «дайынмын» дейді.
Мәжілістің тағы бір депутаты Арман Қожахметов келесі аптада президент нақтысын айтатын шығар деп екіұшты жауап қалдырды.
«Бәрін партия шешеді. Мен Аманат партиясының мүшесімін. Егер съезде сондай шешім қабылдаса онда оны қабылдаймын», - деді ол.
«Депутаттықтан кетсем, журналист болуым мүмкін»
«Мәжіліс тарайтынын естідіңіз бе?» деген сұраққа депутат Дархан Мыңбай сұрақпен жауап беріп, «қашан тарайды екен?» деп сауал тастады.
«Мен одан хабарсызбын, бірақ оның бәрі айтылатын шығар. Оның бәрі ешқандай бір жасырын нәрсе емес қой», - деді ол.
Дархан Мыңбайға да «келесі сессияда өзіңізді депутат ретінде көресіз бе?» деп сұрақ қойғанбыз. Ол берген жауабында «оны партия немесе сайлаушылар шешеді» деп құтылды.
Депутат Әлия Әбсеметова депутаттықтан босап қалса, келесі сессияға ілінбесе, мамандығы бойынша «журналист қызметін атқаруым мүмкін» деп жауап берді. «Портал немесе газетте жұмыс істейсіз бе, әлде телеарналардың біріне барасыз ба?» деген сұраққа Әбсеметова оны әлі шешпегенін айтты.
«Бастаған ісімді аяқтаймын»
Мәжілісмен Мақпал Тәжмағамбетова Мәжіліс тарайтыны туралы жаңалықты естігенін айтты.
«Екі жыл бойы атқарған еңбегім, көтерген мәселелерімнің басы бар. Аяқтауға күш салуымыз керек. Сондықтан, соған тырысамын. Осы уақытқа дейін Мәжіліс қабырғасында мәдениет, руханият, білім, ғылым саласында мәселелерді көтердім. Егер келесі сессияға қалар болсам, бастаған жұмыстарымды аяқтаймын. Әрине, сенімім бар», - дейді ол.