Өткен аптада әлеуметтік желі мен БАҚ-ты Қарағанды қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында қайтыс болған бүлдіршінің қазасы дүр сілкіндірді. Оған дейін анасы баласын құтқаруды өтініп, желіде үндеу жасаған. Ол Астанадан ЭКМО аппаратын Қарағандыға жеткізуді сұраған.
Кейінгі жылдары Қазақстан ауруханаларында қайғылы оқиғалар жиілеп кеткен. Қарағанды, Ақтау, Жамбыл облысы, Астана, Қостанай қалаларын біріктіретін ортақ мәселе — балалар ауруханаға тірі түсіп, дәрігерлердің қарауында болып, кейін көз жұмады.
Ата-аналардың Instagram мен TikTok-та президенттің атына видеоүндеу жариялауы да жиілеген. Олардың өтініші мен сұрағы бір-бірінен айна қатесіз – неге аймақтық ауруханаларда әлі күнге дейін өмірлік маңызды жабдықтар жоқ? Неге іші ауырып келген балаларды үйіне қайтарады? Неге түнде аурухана палатасында адам қайтыс болуы әдетке айналып барады?
Осы және өзге де сұрақтарға Ulysmedia.kz тілшісі де жауап іздесуге тырысып көрді.
Әсел Әбділдина. Фото: patriotnews.kz паблигі
2026 жылдың сәуірі, Қарағанды қаласы: Азаппен өткен үш жарым апта
17 сәуірде Қарағанды облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан кішкентай сәбидің жансыз денесін алып шықты. Дәрігерлер қайғыдан қан жұтқан анаға көңіл айтып, қолына шүберекке оралған мәйітті ұстатты. Ботадай боздаған ана қызын құшағына қысып, аурухана дәлізінде еңіреп қала берді.
Кәусар Серікке небәрі бір жас үш айға болған. Ол ауруханаға наурыз айында ішек инфекциясымен түскен. Алайда оның жағдайы дәрігерлер ойлағаннан әлде қайда ауыр болып шыққан. Бірнеше күннен кейін дене қызуын түсіру мүмкін болмай, асқынулар басталған. Осыдан кейін оны жансақтау бөліміне ауыстырған. Сол жерде өкпені жасанды желдету аппаратына қосқан. Үш жарым апта бойы аппараттан ажыратпаған.
Өкпені жасанды желдету – бұл дөрекі механикалық тәсіл: аппарат өкпеге ауаны күшпен айдайды, алайда ұзақ қолданылған жағдайда өкпе тінін зақымдап, құрғатып, күйдіріп жіберуі мүмкін.
Кәусардың анасы Әсел Әбділдина Астанада ЭКМО аппараты барын естіген. Бұл аппарат қанды оттегімен қамтамасыз етудің анағұрлым жұмсақ әділі. Ол өкпеге тынығуға мүмкіндік береді. Әсел аурухана дәрігерлерінен ресми сұрау жіберіп, ЭМКО аппаратын Астанадан Қарағандыға жеткізуді өтінген. Алайда өтініштен бас тартылған. Себебі аурухананың өзінде мұндай жабық мүлде болмаған. Неге?
Бұл сұраққа кейіннен денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жауап берді. Ол бас тарту себебін бүлдіршінге ЭКМО қолдануға қарсы көрсетілім болғанымен түсіндірді. Оның айтуынша, бұл республикалық деңгейдегі дәрігерлердің, инфекционистер мен реаниматологтардың қорытындысы.
«Бүлдіршінді аман алып қалуға болар ма еді?» деген сұраққа министр нақты жауап бермеді. Ол тек бүкіл ел бойынша тек 33 ЭКМО аппараты бар екенін және қазіргі уақытта тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Әсел Әбділдина қызының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғауды талап етіп отырған жоқ. Ол осындай жағдай қайталанбас үшін Қарағандыдағы жұқпалы аурулар ауруханасына ЭКМО аппаратын сатып алып берсе дейді.
— Егер біздің ауруханада ЭКМО аппараты болғанда, менің қызым тірі болар еді, — дейді ол.
Қазіргі уақытта Кәусардың өлімі фактісі бойынша Қарағанды облыстық медицина және фармацевтикалық бақылау департаменті тексеріс жүргізіп жатыр.
2026 жылдың сәуірі, Ақтау қаласы: Дәрігерлер үш ай бойы жасөспірімнің соқырішегін қалай анықтай алмаған
— Олар менің ұлымды осы хәлге жеткізіп, оны өлтірді. Мен оны қазір ғана мәйітханадан алып шықтым. Оның қайтыс болғаны туралы анықтаманы алдым. Мен бүкіл Қазақстан менің қайғымды естігенін қалаймын. Егер дәрігерлер өз жұмысын атқара алмаса — онда өз орындарын босатсын.
Бұл 13 жастағы ұлынан айырылған Жұлдыз Азанованың жан айқайы. Ол 13 сәуірде баласының денесін мәйітханадан алып бара жатып бейнеүндеу жасаған.
Барлығы осыдан үш ай бұрын басталған. 17 қаңтарда баланың іші ауырған. Анасы жедел жәрдем шақырған. Оны соқырішек болуы мүмкін деген күдікпен Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына алып келген. Үш сағаттай бақылаған. Бірақ дәрігерлер диагнозды растай алмаған. Кейіннен баланы үйіне қайтарып жіберген. Бірақ үйде ішінің ауырғаны басылмаған. Керсінше одан сайын асқынып, дене қызуы көтерілген. Анасы ұлын алып бармаған дәрігер қалмаған. Емханадағы педиатордан бастап, жұқпалы аурулар ауруханасына дейін барған. Бірақ барлығында нақты диагноз қоя алмай үйіне қайтарған. Бұл жағдай үш айға жалғасқан.
Кім кінәлі? Ақтаудың көпбейінді балалар ауруханасы не дейді?
– Қазір құзырлы органдар тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, – қазір аурухана дәрігерлерінің жауабы осындай.
Жұлдыз Азанова Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасына шағымданған. Бірақ ол жерден ешқандай жауап ала алмаған. Кейіннен облыстық прокуратураға жүгінген. Осыдан кейін барып олар денсаулық сақтау басқармасына шыққан.
Алайда ол кезде барлығы кеш болған. Жасөспірім ауруханаға жатқызылып, ота жасалған кезде оның соқырішегі әлдеқашан жарылып кеткені анықталған. Инфекция іш қуысына тарап кеткен. Хирургтер соқырішекті ғана емес, ішектің едәуір бөлігін де алып тастауға тура келген. Ота барысында баланың жүрегі бірнеше рет тоқтап қалған.
19 ақпанда жасөспірімді санитарлық авиациямен Алматы қаласындағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына алып келген. Бұл жерде ол екі ай жатқан. Бірақ дәрігерлер оны аман алып қала алмаған.
13 сәуірде жасөспірім қайтыс болған. Жұлдыз Азанова сол күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен денсаулық сақтау министрінің атына үндеу жасады.
«2025 жылдың қазан айы, Жамбыл облысы: аурухана ішінде дәрігерді жалаңаяқ іздеген
— Ол маған: «Әже, су беріңізші», — деді. Сусын ішті. Ол менің қолымда жатты да: «Әже, қолыңызды алыңызшы, қатты екен», — деп өтінді. Мен қолымды алдым. Содан терең тыныс алды да, жүріп кетті.
Бұл Раушан Махамбетованың немересінен айырлған сәтті. Алты жастағы Әли Жолшыбектің өмірінің соңғы минуттары.
Әли былтыр 29 қыркүйекте ауырып бастаған. Дене қызуы көтеріліп, басы ауырып, құсқан. Әжесі оны ауылдық ауруханаға алып барған. Бірақ олар оны қабылмаған. 1 қазан күні қайтадан барған. Алайда дәрігерлер талоныңыз жоқ деп, тағы да бас тартпақ болғанда Раушан Махамбетова немересін әрең қабылдауға кіргізген. Дәрігерлер балаға үй жағдайында ем қабылдауға нұсқау берген. Бірақ оның жағдайы нашарлай берген.
7 қазанда Әлиді ақыры стационарға жатқызған. Үш күн ем алған. Туыстарының айтуынша, ол жерде оған негізінен ас қорытуға арналған «Креон» препараты ғана берілген. Бірақ баланың құсуы тоқтамаған, бас ауруы да басылмаған.
10 қазанға қараған түні Әлидің жағдайы күрт нашарлаған. Әжесі дәлізге шығып, дәрігерлерді іздеген. Алайда медбике де, дәрігер де орнында болмаған. Раушан дәліз бойымен жалаңаяқ жүгірген. Ол аяқкиімін жоғалтып, оған мән беруге де шамасы келмеген. Медициналық қызметкерлер жарты сағат бойы болмаған.
Олар келгеннен кейін тамшы дәрі (капельница) қойып, қайта кетіп қалған. Таңертең Әли қайтыс болған.
Туыстарының айтуынша, дәл осы ауруханада екі жыл бұрын Әлидің анасы қайтыс болған. Сол сәтте оның аяғы ауыр болған.
— Ол кезде бізге оның өлімі тромбқа байланысты болды деп хабарлаған еді. Ал қазір дәрігерлер құсуға қарсы «Креон» ғана берген. Неге олар дер кезінде әрекет етпеді? Неге бас дәрігер қарамады? Неге консилиум жиналмады? Неге баланы жансақтау бөліміне жатқызбады, тек «Креонмен» ғана емдеді? Неге солай болды? — дейді баланың әпкесі Асылай Есенғали.
Оқиғадан кейін аурухананың бас дәрігері қызметінен босатылып, қылмыстық іс қозғалған.
2024 жылдың қазан айы, Астана: өлімге алып келген наркоз үшін 500 мың теңге
2024 жылы 30 қазанда үш жастағы Зере Есантайды Dent Park Ortho клиникасына тісін емдетуге алып барған. Ем үшін 500 мың теңге төлеген. Жоспар бойынша 9-11 тістерді емдеу қажет болған. Алайда ем барысында дәрігерлер барлық 18 тісті бірден емдеуге шешім қабылдаған. Әкесі емді екі бөлікке бөлуге болмай ма деп сұраған. Оған бәрін бір уақытта жасалатыны туралы айтылған. Бала севоран наркозында 3,5 сағаттан астам уақыт болған.
Стоматологиялық кабинеттен алынған бейнежазбалар сотта көрсетілген. Анестезиолог ретінде Аида Жұмағалиева көрсетілген. Кейіннен сараптама оның қыз балада ұзақ седацияға қарсы көрсетілімдер болғанын ескермегенін анықтаған: жақында болған пневмония, тромбоциттердің төмен деңгейі, темір тапшылығы.
Клиникада науқасты тиісті бақылау жүйесі болмаған. Наркоз кезіндегі тыныс алуды бақылауы тиіс капнограф дұрыс жұмыс істемеген. Ал дефибриллятор операция бөлмесінде болмаған, оны басқа бөлмеден әкелгенімен, қолданып үлгермеген.
Зере Есентай наркоздан оянбаған. Өлім ауыр гипоксиядан (оттегі жетіспеушілігі) мидің ісінуісалдарынан болған.
2025 жылы 22 желтоқсанда Аида Жұмағалиева қатысты қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі бойынша сот үкімі шыққан. Сот шешімімен ол 2 жылға бас бостандығынан айырылып, 3 жылға медициналық қызметпен айналысу тыйым салынған. Бірақ Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылыққа байланысты жазадан босатылған. Мемлекеттік айыптаушы 4 жыл сұраған. Айыпталушы өз кінәсін мойындамаған.
Зере Есентайдың әкесі сот үкімімен келіспейді.
— Шығарылған бұл қаулымен мен мүлде, 100 пайыз келіспеймін. Мұнда тек бір ғана анестезиолог айыпталып отыр... Балалар оның құнын өз өмірімен өтемеуі тиіс, – дейді Талғат Құмаров.
Зере Есентайдың 18 тісін бір уақытта емдеуге шешім қабылдаған стоматолог ешқандай жазаға тартылмаған. Әліде сол клиникада жұмыс істеп жүр.
«2024 жылдың қараша айы, Қостанай: «Профилактика үшін»
2024 жылы 1 қарашада Ақгүл Бердімұрат 10 айлық ұлы Дербесті Қостанай облыстық балалар ауруханасына алып барған. Себебі балада аздаған ентігу болған.
Дәрігерлер рентген жасап, біржақты бронхопневмония диагнозын қойған. Аурудың «алдын алу мақсатында» баланы стационарда қалдырған.
Ауруханаға баланың әжесі келген. Ол аудандық аурухананың бас дәрігері болып қызмет істейді. Бөлімше меңгерушісімен арада кикілжің болған. Баланың әжесі тағайындалған емге наразы болып, «Амоксиклав» антибиотигінің тым әлсіз екенін айтқан. Оның айтуынша, бөлімше меңгерушісі оны қабылдау бөлімінен шығарып жіберген.
Ал аурухана бас дәрігері Нұрлан Ержанов бұл пікірді жоққа шығарады. Оның сөзінше, ол керсінше күшті антибиотикті әлсіз «Оспамоксқа» ауыстыруды талап еткен, инфекциялық бөлімге рұқсатсыз кіруге әрекет жасаған және қабылдау бөлімінде жанжал шығарған.
— Мен жеке өзім баланың анасына да, әжесіне де науқасты шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызуды ұсындым, бірақ олар одан түбегейлі бас тартты, — дейді Нұрлан Ержанов.
Фото: Time.kz
Ал Дербестің анасы мұны жоққа шығарады. Ол Instagram парақшасындағы жазбасында:
— Бала ойнап, еңбектеп жүрген, көңіл-күйі жақсы еді. Оған уколдар мен система салынды. Түнге қарай ентігуі күшейді, медбикені шақырдым, тағы укол салды да кетіп қалды. Түні бойы ұлым жылап шықты, мен оны қолыма алып, дәлізде көтеріп жүрдім, – деп жазған.
3 қарашада консилиум болған. Дәрігерлер барлығы жақсы деп айтқан. Алайда таңғы сағат 11-де баланы жансақтау бөліміне ауыстыру қажеттігін айтқан. Арада екі сағат өткенде бүлдіршіннің қайтыс болғанын естірткен.
— Мен ойнап, еңбектеп жүрген дені сау баламды ауруханаға әкелдім, бірақ ол сол жерден тірі шықпады. Үш күн, екі түн ұйықтамады, тамақ ішпеді, жағдайы тек нашарлай берді. Бұл — дәрігерлердің кінәсі, — дейді бүлдіршіннің анасы.
Оқиғадан кейін баланың ата-анасы облыстық аурухана дәрігерлеріне қатысты арыз жазған. Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Әзірге оның қай деңгейде екені белгісіз.
13 жастағы Әділхан Әбілдиновтың ата-анасына дәрігерлер балаға жасалатын ота жоспарлы операция екенін айтқан. 40–60 минутқа созылатын, күрделі емес процедура болған. Баладан созылмалы полипозды полисинусит диагнозы анықталып, мұрнындағы полиптерді алып тастау қажет болған. Бала спортпен айналысқан денсаулығы жақсы болған. Ата-анасында ешқандай күмән болмаған.
Операция бөлмесінде не болғаны екі жылға жуық уақыт бойы анықтаған. Тәуелсіз сараптама анестезиологтың эндотрахеалдық түтікті дұрыс орнатпағанын анықтаған. Ол толық герметиканы қамтамасыз етпеген. Операция кезінде пайда болған қан (мұрын полиптері әдетте қанайды) тыныс жолдарына түскен: алдымен кеңірдекке, кейін бронхтарға, соңында өкпеге жеткен. Бала өз қанына тұншығып қалған.
Оның асқазанынан 20 мл сұйық қан табылған. Алғашында дәрігерлер басқа себепті айтқан: «қатерлі гипертермия» — наркоз препараттарына сирек реакция, оған қарсы Қазақстанда антидот жоқ деген уәж айтылған. Әлия Әбілдинова дәрігерлердің айтқандарына сенбеген.
2026 жылы наурызда сот анестезиологты Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 2 жылға соттаған. Алайда Зере Есентай ісіндегі сияқты, рақымшылыққа байланысты ол үкім шыққан күні-ақ жазадан босатылған.
Ресми статистика
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 335 мың бала дүниеге келген. Оның 1 992-сі бір жасқа жетпей қайтыс болған. Нәресте өлімі коэффициенті — 1000 тірі туған балаға шаққанда 5,85. Бұл — тарихи ең төмен көрсеткіш. 2025 жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 19,3%-ға төмендеген, ал 2026 жылдың алғашқы екі айында тағы 28,5%-ға азайған. Қазақстан ДДҰ-ның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізген.