×
444.22
476.38
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.22
476.38
4.82

Инфрақұрылымдық күйреу: Қазақстан кәсіпорындары неге апаттан көз ашпай келеді

10.07.2023, 10:53
Коллаж: Ulysmedia.kz

Өткен аптада желіде қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының үшеуі де тоқтап қалғаны туралы ақпарат тарады: Атырау МӨЗ-де апат болды, павлодарлық зауыт жоспарлы жөндеуде, Шымкенттегі зауытта да жабдықтардың бірі бұзылған. Атырау мен Маңғыстау облысының тұрғындарына оңайға соққан жоқ: болған жағдайға байланысты қалада жарық пен су болмай қалды, мұнай өндіру тоқтатылды және кәсіпорындардың жұмысы тоқтады.

Еліміздің барлық өмірлік маңызды инфрақұрылымы көз алдымызда құлдырап жатыр: су тапшылығы, ЖЭО апаттары, электр қуатының үзілуі, енді мұнай өңдеу зауыттарының жағдайы да мүшкіл. Үздіксіз апаттардың себебі неде? Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары кімге тиесілі және мұнай-газ коллапсына кім жауапты екенін Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрді.

Қайсы кімдікі?

Ресми мәліметтерге сәйкес, КСРО ыдырағаннан кейін американдық CCL OIL LTD компаниясы Павлодар мұнай-химия зауытының инвесторы болды. Алайда шетелдіктер зауыттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ете алмады, сондықтан кәсіпорынды мемлекетке қайтаруды жөн көрді. 2009 жылы "ПМХЗ" АҚ "ҚазМұнайГаз" компаниялар тобына кірді және бүгінгі күнге дейін ұлттық компанияның бақылауында. 2022 жылдан бастап кәсіпорынды ұзақ жылдар бойы мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеген Қуаныш Бишімов басқарады.

Атырау мұнай өңдеу зауыты да мемлекеттің бақылауында – ҚМГ 1999 жылдан бері зауыттың 100% акцияларына ие. Қазір АМӨЗ бас директоры – Мұрат Досмұратов, ол – ұзақ жылдар бойы "ҚазМұнайГаз"құрылымдарында жұмыс істеген маман.

Бірақ еліміздегі ең жаңа және ең ірі саналатын Шымкент мұнай өңдеу зауытының тек жартысы ғана Қазақстанға тиесілі. Зауытты "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" компаниясы иеленеді және оның акцияларының 50%-ы Қытай Ұлттық мұнай корпорациясы CNPC-ге тиесілі. "ҚазМұнайГаз" және CNPC кәсіпорынды тепе-тең негізде басқарады – компанияға қазақстандық Ерболат Қожабаев пен қытайлық Цзян Жиуань жетекшілік етеді.

Жаңғыртуға бөлінген триллиондар

Кәсіпорындардың үшеуі де мемлекеттің бақылауында болғандықтан, оларды қаржыландыруда ешқандай мәселе болған емес.  2018 жылы билік кешенді жаңғыртудың аяқталғанын хабарлады, оған шамамен 6,3 миллиард доллар жұмсалды.

Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, Атырау мұнай өңдеу зауытын жөндеу ең қымбатқа түсті – 3,6 млрд доллар. Шымкент МӨЗ жөндеуге 1,85 млрд доллар жұмсалды. Ал Павлодар зауытын жаңғыртуға қазынадан 895,5 млн долларды бөлінді.

Аз ақша емес, әрине, алайда оның нәтижесі қандай? Мұнай өңдеі зауыттарындағы апаттар тоқтады ма? Ел жанармай тапшылығын еңсерді ме? Өкінішке қарай, бұл сұрақтардың жауабы көпке мәлім.

Ұрлық пен алаяқтық

Жанармай бағасының өсуіне қарсы ереуілдерден басталған қаңтар оқиғасынан кейін Атырау және Павлодар МӨЗ басшылары қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды және алаяқтық жасады деп айыпталды. Сотталушылар қатарында АМӨЗ сатып алу департаментінің директоры, ПМХЗ бас директоры Оспанбек Әлсейітов пен Шухрат Данбай болды. Соңғысы – Атырау және Павлодар зауыттарында басшылық лауазымдарды атқарған маман.

Сот ПМХЗ басшылығына қарсы істі қысқартылған тәртіппен қарады және 2022 жылдың қазан айында Шухрат Данбай мен Оспанбек Әлсейітов кінәлі деп танылды. Тергеу нұсқасы бойынша,"2017-2022 жылдар аралығында алаяқтық, сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану арқылы басшылар мемлекетке 753 миллион 189 мың 541 теңге шығын келтірді". Сотталғандар кінәні мойындады, залал, әрине, өтелді және бірақ шартты жазамен құтылып кетті.

Ал Атырау МӨЗ ісін сот осы жылдың мамыр айында қарады. Бастапқыда Шухрат Данбай және тағы бір шенеунік пайда табу үшін алдын-ала сөз байласу ережесін теріс пайдаланды деп айыпталды, бірақ сот айыпталушыларды кешірді және толығымен ақтады. Басқарушылардың іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағаны белгілі болды.

Мемлекет Шымкент мұнай өңдеу зауытын түртпектеген жоқ. Бәлкім, шетелдік басшыларынан бата алмаған болар.

Барлық деңгейдегі мәселелер

Қазақстандық үш мұнай өңдеу зауытын біріктіретін фактор – олар "Қазмұнайгаздың" басқаруында. Белгілі болғандай, мұнай-газ алыбының жұмысы мұнтаздай таза емес: өткен жылдың маусым айында Қаржылық мониторинг агенттігі ҚМГ-ның бұрынғы басқарушы директоры Ибулла Сердіге халықаралық іздеу жариялады. 2016 жылдан бастап ҚМГ-да басшылық лауазымдарды атқарған басқарушы "алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобымен бірге аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ұрлады" деген күдікке ілінді.

Бастапқыда тергеу Сердінің кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың алаяқтық схемаларына қатысқанын болжады, бірақ кейінірек оның ісі жеке іс жүргізуге шығарылды. ҚМГ басқарушысы әлі ұсталған жоқ. Расталмаған мәліметтерге сәйкес, ол БАӘ-де жасырынып жүр.

ҚМГ акцияларының 90%-дан астамы жемқорлық жайлы талай аңыз-әңгімеге арқау болған "Самұрық-Қазына" қорына тиесілі екені белгілі. Жыл басында мамандар қорды сатып алуда көптеген заңсыздық белгілерін анықтады, ал өткен жылы "Самұрық" топ-менеджерлері мен оның еншілес компаниялары 3,8 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Президент те "Самұрық-Қазына" жұмысының тиімсіздігіне назар аударып, қорды реформалауды және еншілес компанияларға ықпалын азайтуды тапсырған болатын. Ұлттық қор қызметінің жан-жақтылығы соншалық, ол туралы жеке мақала жазылуы тиіс.

Қазір не болып жатыр?

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы апат туралы  естімеген адам кемде-кем – бүкіл ел жанармай тапшылығын талқылап жатыр, ал жауапты шенеуніктер күмілжіген жауаптан әрі аса алмай отыр.

3 шілде күні кешке әкімдік балансындағы Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында энергоблоктардың бірі істен шықты. Шамамен бір сағаттан кейін АМӨЗ-де төтенше жағдай болды – технологиялық қондырғылар істемей қалды. Кәсіпорында электр қуаты өшіп, мұнаралардың бірінде өрт шықты. Нәтижесінде Атырау қара түтінге тұншығып, тұрғындар жарық пен сусыз қалды.

Сонымен қатар, электр энергиясының сөнуіне байланысты бірден бірнеше қазақстандық кен орындарында мұнай өндіру тоқтатылды, ал басқа кәсіпорындар шектеулерге ұшырады. Жағдайды Шымкент және Павлодар МӨЗ жөндеуге жабылғаны қиындатты.

Сарапшылар ел жанармай тапшылығына тап болады деп алаңдаулы, бірақ Энергетика министрлігі бәрі бақылауда деп сендіріп отыр. Ескеру маңызды: жұмыс істелмеген әр минут – бұл жоғалған ақша. Ал ҚМГ ұлттық компания болғандықтан, жоғалған ақшаны халықтыкі деп санауға болады. 

Кінәні кімге артады?

Әрине, қалыптасқан жағдайды назардан тыс қалдыру мүмкін болмады: премьер-министр Әлихан Смайылов ҚМГ басшылығына жеке тапсырма беру үшін Атырауға келді; үкімет МАЭК-тің энергетикалық жабдықтарын жаңғырту үшін 4,9 млрд теңге бөлуге уәде берді; президент Тоқаев апаттардың себептерін тергеу және кінәлілерді жауапқа тарту бойынша мемлекеттік комиссия құруды тапсырды; Бас прокуратура, тіпті ҰҚК де апаттарды тергеуге тартылды.

Биліктің реакциясы мақтауға тұрарлық-ақ, бірақ одан нәтиже бар ма? Мәселе көптен қордаланғаны анық және оны былғары креслодағы жиналыстармен шешу мүмкін емес. "Самұрық-Қазынадағы" былықтар әлі қанша кәсіпорынды күйретері белгісіз. Билік жемқорлыққа батқан құрылымды қашанға дейін сүйрелейтіні белгісіз.

Энергетиктер инфрақұрылымдық нысандардағы шұрық тесіктерді шұғыл түрде жамауға тырысып жатыр, ал шенеуніктер бұл жолы кімді кінәлі ету керектігін анықтауға кірісті. Мүмкін болған оқиға билікке сабақ болар. Өйткені, соңғы оқиғалар көрсеткендей, маңғыстаулықтар қылтың-сылтыңды көтермейді.

Серіктес жаңалықтары