×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

«Қырым кімдікі?»: Жамаубаев қорғаған заң Сенатта үлкен сұрақ туғызды

02.03.2023, 12:47
Коллаж: ulysmedia.kz.

Жамаубаев Қырымды «Ресейдің арнайы экономикалық аймағы» деп атады. Ал Әшімбаев заңда мұндай жоқ дейді. 

Сенаттың бүгінгі кулуарында экономика тақырыбы саяси, оның ішінде геосаяси сипаттағы сұрақтарға ұласып, Жамаубаев пен Әшімбаевке тілшілермен біраз «тіресуге» тура келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Хаттама мен заңда не делінген?

Сенат отырысында бүгін «Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді ратификациялау жөнінде» заң жобасы ұсынылған. Заң жобасын қорғаған үкімет басшысының орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экономикалық одаққа мүше елдер 2022 жылдың 19 сәуірінде тауар тасымалын қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімге қол қойғанын айтты. Осы келісім тауарларды навигациялық пломбаларды қолдана отырып, оларды ЕАЭО аумағы бойынша өткізу кезінде қадағалау мүмкіндігін көздейді.

«Одақтың Кеден кодексінің 201-бабының 1-тармағына сәйкес, тауарлар арнайы экономикалық аймақтарында кедендік баждарды, салықтарды және басқа да өтемақы баждарын төлемей орналастырылады және пайдаланылады. Алайда Одақтың Кеден кодексінің 455-бабының 6-тармағына сәйкес, Ресей Федерациясының 3 арнайы экономикалық аймағында одақ елдерінің аумағынан импортталатын тауарлар бойынша кедендік баждар мен салықтар бірден төленеді. Ал үшінші елдерден импорттаған кезде кедендік баждар мен салықтар төленбейді. Осылайша, осы аймақтарда кәсіпкерлер үшін Одақтың елдерінен гөрі үшінші елдерден тауарларды импорттау тиімдірек.», - деді Жамаубаев.

Сұрақ-жауап бөлімінде Жамаубаев «Ресейдің үш экономикалық аймағы – Магадан, Қырым және Калининград аумағында орналасқанын» атап өтеді.

«Олар басқа елдермен шекаралас болғандықтан онда режим бөлек. Қазір осы аймаққа қатысты резиденттерге осы одақтан тауар тасыған кезде 180 күн бойы қосылған құн салығын бөлек төлеуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Қырым кімдікі?

Сенат отырысы аяқталған соң журналистер Ерұлан Жамаубаевтан «сіз үкімет басшысының орынбасары – қаржы министрі ретінде Қырымды Ресейдің иелігі ретінде мойындап тұрсыз ба?» деп сұрады.

Бұл сұраққа жауап берген Жамаубаев өз жауабында «аталған хаттама үш еркін экономикалық аймаққа қатысты екенін, олардың Магадан, Қырым және Калининград екенін, бұл атаулар – еркін экономикалық аймақтардың аты» екенін ғана айтты.

Тілші осы кезде «сіздің жауабыңыздан түсінгеніміздей, Қырым Ресейдікі ме» деп қайталай сұраған.

«Мен бұл жөнінде айтқан жоқпын. Мен сіздерге үш ЕЭА туралы айттым. ЕЭА-ның бірі Қырымға қатысты. Ал Қазақстанның бұл мәселе бойынша белгілі», - деді Жамаубаев.

Ал Қырым кімдікі деген сұрақтан Жамаубаев «рахмет, келесі сұрақты қойыңыз» деп құтылды.

«Бұл – экономикалық аймақтар. Сөздің астарын түсініп тұрмын. Оларды саясатқа бұрмалаудың немесе араластырудың қажеті жоқ. Себебі бұл – экономикалық аймақтар. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған. Ол жерге тауар тасып жатқан ешкім жоқ. Біздікілер Калининградқа тасып жатыр», - деді ол.

Заңда «Қырым» деген атау жоқ

Отырыс аяқталғаннан кейін тілшілер мәселенің мәнісін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтан сұрап көрді.

«Бұл жерде қосылған құн салығына салынатын салық жағынан өзара келісім бойынша, ЕАЭО шеңберінде өзара қарым-қатынас жөнінде әңгіме болып отыр. Кәсіпкерлердің өзара шарттарын реттеуге бағытталған шаруа. Хаттама біздің кәсіпкерлер арнайы экономикалық аймағына қандай да бір тауарды жеткізген кезде өзара қарым-қатынасты реттейді. Мен сіздерге ресми түрде мәлімдеймін: аппараттан құжаттарды алсаңыздар да болады, ол жерде ешқандай арнайы экономикалық аймаққа қатысты атау жоқ», - деді ол.

Әшімбаевтың айтуынша, әр елдің өзінің арнайы экономикалық аймағы бар. Қазақстанның да қалалары мен облыстарында бар.

«Әр мемлекет өзінің арнайы экономикалық аймағын белгілей алады.  Заңнаманы да. Сол себепті бұл келісім басқа елдердің еркін экономикалық аймақтағы кәсіпкерлерімен жұмыс істейтін біздің кәсіпкерлерге жағдай жасауды көздейді. Болды!» - деді Әшімбаев.

«Ешқандай атау жоқ», «біздің позиция белгілі» деген сөздерді де қосып өтті Әшімбаев.

Еске сала кетсек, Қырымдағы еркін экономикаллық аймақ – 2014-2015 жылы Ресей ол аумақты Украинадан тартып алғаннан кейін құрылған. Украинаның жоғарғы радасы 2021 жылдың 1 шілдесінде оны жою жөнінде қаулы қабылдап, аймақ сол жылдың 21 қарашасында күшін жойған.

Серіктес жаңалықтары