"ӨКМ Операторы" ісі бойынша куәгерлердің бірі - "ӨКМ Операторы" бақылау кеңесінің бұрынғы төрағасы, қазір Қазақстан президенті әкімшілігінің консультанты Бақыт Құсайынов сот процесінде қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтер айтты, деп хабарлайды хабарлайды Ulysmedia.kz.
Куәгер Қазақстанда алты қоқыс жағатын зауыттың құрылысын қаржыландыруды жүзеге асыру қалай жоспарланғанын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, тергеу бұрынғы Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловты және "ӨКМ Операторы" ЖШС басшылығын осы зауыттарды заңсыз қаржыландыру жолымен кәдеге жарату алымдары түрінде жиналған 180 млрд теңгені ұрлады деп айыптап отыр.
Оның айтуынша, "ӨКМ Операторы" зауыттардың құрылысына "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ (Қазақстанның Даму Банкінің" еншілес ұйымы) 180 млрд теңге бөлуі тиіс еді. Қор бұдан әрі жобаны іске асыруды жүзеге асырады деп болжанған болатын.
"Мен жұмысқа қабылданған кезеңде шекті тарифке аукцион, консорциалдық келісім, Экология министрлігінің барлық бұйрықтары, қаулылар қабылданып қойған, бас мердігер де анықталған", - деді Құсайынов.
Прокурор жобаны қаржыландырудың осы схемасын кім бекіткенін сұрады.
"Мұны сіз қазіргі үкімет мүшелерінен сұрауыңыз керек. Олардың барлығы бұған қатысты. Мен қазір есімдерді, фамилияларды атағым келмейді. Олар теледидарда көрсетілген адамдар. Және олар мұның бәріне қол қойды және бәрі орындалды", – деп жауап берді куәгер.
Куәгердің айтуынша, бұл схеманы жүзеге асыру үшін тіпті Экологиялық кодекске өзгерістер енгізілген.
Куәгердің сөзінше, аталған 180 млрд теңге компания акционері (Әлия Назарбаева) шешіміне сілтеме жасаған "ӨКМ Операторы" экс-бас директоры Светлана Коротенконың нұсқауы бойынша зауыттардың құрылысына салынған.
Сонымен қатар, ол сотта Әлия Назарбаеваны сипаттады.
"Мен акционер туралы жаман айтқым келмейді, бірақ ол қаржы мәселесінде көп нәрсені түсінбейді, құрылыста да, экологияда да түсінбейтіні көп. Ол ханшайым, сөздің жақсы мағынасында. Бірақ ол түсінбейді (бизнес-процестерді – авт.)", - деді куәгер.
Еске салайық, қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланыстырылатын компания дау ошағына айналды.
"ӨКМ Операторы" бірнеше рет сынға ұшырады. Алдымен компанияның басқарушы директоры Руслан Шамшиевтің қайтыс болғаны, дәлірек айтсақ, өз-өзіне қол жұмсағаны туралы белгілі болды, содан кейін сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысты күдікпен экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ Операторы" Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев қамауға алынды.
Кейінірек компанияның бұрынғы бас директоры Светлана Коротенко да тергеу изоляторына жіберілді.
6 сәуірде іс бойынша алдын-ала тыңдаулар өткен. Сол кезде адвокаттар 2015 жылы компанияны құру туралы шешім қабылдаған бірден-бір адам – экс-президенттің қызы екенін айтып, одан да жауап алуды сұраған.
Алайда 17 сәуірдегі отырыста судья қорғаушылардың өтініші қанағаттандырылмайтынын мәлім етті.
20 сәуірдегі отырыста Коротенконың қорғаушысы Украинаның Қазақстандағы консулын іске тартуды сұрады.
21 сәуірдегі отырыста айыпталушылардың жарты миллиард теңгені қалай ұрлағаны айтылды. Алайда олар өз кінәсін мойындамады.