×
439.4
473.54
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
439.4
473.54
4.76

Өкінішке қарай, туыс емеспіз – Ошурбаев Смайыловпен байланысы жайлы

30.06.2023, 15:06
Коллаж: Ulysmedia.kz

Экология вице-министрі Мансұр Ошурбаев өзінің Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайыловпен туыстық қатынасы туралы ақпаратқа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жуырда Ulysmedia.kz  утилизация  саласы қазір кімнің қолында екенін зерттеген еді. Материалда "ӨКМ Операторының" мұрагері саналатын "Жасыл Даму" 180 млрд теңге жымқыру ісі бойынша сот талқылауына қатысты жақ ашпағанын атап өттік. Оның жалғыз акционері – экология министрлігінен де түсініктеме жоқ. Министрліктегілер жұрттың сұрағы көбейгеніне қарамастан (тіпті "ӨКМ Операторы" сотына қатысты ғана емес, Абай облысындағы өртке де байланысты соңғы оқиғалар аясында да) үнсіз қалуды жалғастыруда. Министр Зүлфия Сүлейменова да, кәдеге жарату саласына жетекшілік ететін вице-министр Ошурбаев та өз қызметінен кеткен жоқ, жазаланбады да.

Осы оқиғалармен қабаттаса желіде Ошурбаевтың премьер-министр Әлихан Смайыловпен туыстық байланысы бар деген ақпарат тарады.

Ulysmedia.kz тілшісі экология вице-министрінен ақпаратқа түсініктеме беруін сұрады. Ошурбаев бұл жаңалықты оқығанда “күлкісі келгенін” айтты.

- Кешегі мақаладан кейін күтілген сұрақ. Егер мұндай қауесет тараған болса, бұл өтірік. Елдің премьер-министрімен ешқандай туыстық байланысым жоқ. Өкінішке қарай, - деп жауап берді ол.

Бізді экология вице-министрінің бұл жауабы таңғалдырмай қоймады, өйткені оның Смайыловтың құда баласы екені көпке белгілі. Екеуі қан арқылы туыспаса да, бір-біріне бөтен емесін жоққа шығарғаны қызық-ақ.

Ошурбаев шет қалған атышулы іс

Естеріңізге сала кетейік, "ӨКМ Операторы" ісін тергеу өткен жылы басталған болатын. Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, "Оператор РОП" ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, Бас директор Светлана Короткенко және қаржы директоры Рустем Темірбек қамауға алынды. Бұрынғы президенттің қызы белгісіз себептермен сотқа тартылған жоқ.

Оларға алты қоқыс шығаратын зауыт салу үшін жеке ұйымды заңсыз қаржыландыру арқылы кәдеге жарату алымдары түрінде жиналған 180 млрд теңгені ұрламақ болды деген айып тағылды.

Тергеушілер "ӨКМ операторының" қызметкерлері артық шығындарды инвестициялық саясат бағдарламасына негізсіз қосқан деп санайды. Оның ішінде, Әлия Назарбаеваның компаниясы осы зауыттарға жұмсауды жоспарлаған 180 млрд теңгенің тағдыры дәл сондай болған. Прокурордың пайымынша, "ӨКМ Операторының" инвестициялық жобаларын "өткізіп жіберген" Пірімқұлов қылмыс жасауға жол ашқан.

Бұған дейін прокурор "ӨКМ Операторы" Бас директоры қызметін атқарған Украина азаматы Светлана Коротенконы  8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Оған ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша, сондай-ақ ҚР ҚК 251-бабының 1-бөлігі, ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі, ҚР ҚК 28-бабының 3-бөлігі және ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылған.

"ӨКМ Операторы" басқармасының бұрынғы төрағасы Медет Құмарғалиевке ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі және ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылды. Оны 7 жыл бас бостандығынан айыру ұсынылды.

Бұрынғы Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловқа ҚР ҚК 28, 189, 361, 24, 28-баптары бойынша айып тағылды. Прокурор оны да 7 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ал "ӨКМ Операторы" бұрынғы қаржы директоры Рустем Темірбекті 250-баптың 1-бөлігі бойынша айыпталып отыр. Оны 1 жылға бас бостандығынан айыру ұсынылды.

Серіктес жаңалықтары