×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

«Бітпейтін сылтаудан шаршадық»: Астанада сабыры таусылған салымшылар шу көтерді

17.08.2023, 16:12
Коллаж: ulysmedia.kz.

Астанада G-Park құрылыс компаниясының салымшылары күнде табанын тоздырып, бір кездері компанияға салған ақшасын қайтара алмай жүр. Сабыры таусылған олар бүгін де компания кеңсесіне жиналды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Geneva 1», «Geneva 2», «Washington», «Dublin», «Lisbon 1», «Lisbon 2», «Lisbon 3», «Rio de Janeiro 3», «Vienna» және тағы басқалар. G-Park құрылыс компаниясы осы тұрғын үйлердің көбін уақытында бере алмай отыр. Алдын ала келісімшартта көрсетілген мерзім өткеннен кейін биылдан бастап салымшылар компаниямен келісімшартты бұзу үшін өтініш жаза бастаған. Келісімшарт бұзылғаннан кейін шарт бойынша компания 60 жұмыс күні ішінде салымшыға ақшасын қайтаруы тиіс. Алайда…

«Мен ары қарай қалай күн көрерімді білмеймін. Қаншама ақша қарызбын. Компания салып жатқан үш үйге ақша салдым. Енді қалай күн көрем», - дейді көз жасына ерік берген Әсия Әбішева атты салымшы.

Салымшылар бүгін түскі екіге журналистерді шақырыпты. Алайда журналистер компания кеңсесіне кіре алмады. Есік алдында тұрып алған күзетшілер оларды ішке кіргізбей, мұның арты дауға ұласты. Компаниядан ешкім шығып, жағдайды түсіндірген жоқ.

«Естеріңізде болса G-Park компаниясы белгілі бір кезеңде өте сенімді еді. Сәтмағамбетовке сеніп адамдар ақшасын салды. Өз басым үй құнының 100 пайызын салдым. Ал бүгінгі күні ақшасын қайтара алмаған адамдар әбден шаршап жүрміз. Бірнеше чат бар. Ең қызығы, әбден сабыры таусылғандарға компания қалайда ақшасын қайтарып береді. Тәулік бойы осында көлігін қойып, қонып жүргендер бар. Ақшаны қалай беріп жатқанын білмеймін. Күнде бір директорсымақ шығып, жағдайды түсіндірген болады. Бірақ ақша қайтпай жатыр», - дейді Зәуре Құрманғалиева.

Жадыра Саттарова екі жарым жыл бұрын компанияға 17 млн теңге салған. Ол салым салған «Geneva 1» тұрғын үй кешені былтыр берілуі керек болған. Алайда құрылыс тоқтап тұр.

«Желтоқсан – ең соңғы ай деді. Ол айда да кіре алмадық. Күте-күте мамырда үйдің берілмейтінін түсіндік те, ақшаны қайтару жөнінде өтініш жаздық. Қолымызға келісімшарттың бұзылғаны жөннінде құжатты тапсырып, бір айдан кейін ақшамыз қайтатынын айтты. 3 мамырдан бері 115 күн өтті. Сылтауларынан шаршап кеттік», - дейді ол.

Жағдайды түсіндіруге компаниядан ешкім шыққан жоқ. Кеңсенің есігін жауып алған кезде сыртқа шыға алмай қалған салымшылар полиция қызметкерлерін шақырған. «102» нөміріне кеңседен қоңырау күнде түседі екен. Салымшылардың мәселесінен хабардар екенін білдірген полиция қызметкерлері «тек тәртіп бұзылмасын» деп келгендерін айтты.

Осы мәселе жөнінде Ulysmedia.kz порталы G-Park компаниясына 1 тамызда сауал жолдаған. Алайда жауап әлі күнге дейін келмеді.

Серіктес жаңалықтары