Шымкент тұрғынынан 15 000 қорап контрафактілік темекі тәркіленді

Ulysmedia

Шымкент тұрғыны контрафактілік темекі сатқаны үшін сотталды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: Ашық дереккөзден

Темекі өнімдері және құрамында темекі бар өзге де өнімдер акцизделетін тауарлар болып саналады әрі міндетті түрде таңбалауға жатады, дейді қаржылық мониторинг агенттігі.

Егер темекінің таңбасы болмаса, онда өнім контрафактілік болып саналады. Бұл ретте, жыл сайын контрабанда мен контрафакт айналымы мемлекетке елеулі материалдық залал келтіреді.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті қала аумағында темекі өнімдерін сату бойынша заңсыз кәсіпкерлік қызмет дерегінің жолын кесті.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде тиісті акциздік маркалары жоқ және лицензиясыз «Senator», «Мальмо» әрі «Корона» маркалы темекі сатқан Шымкент қаласының тұрғыны Е.Ағманов ұсталды.

Департамент қызметкерлері 15 000 қорап темекі өнімдерін тәркіледі. Азамат Е.Ағманов 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына тартылды.