Семейде перзентханада суық палаталарға жатқан жас аналар шағымданды

Қалижан Бектемір

Семейде аяғы ауыр келіншектер перзентхана бөлімшелеріндегі жағдай туралы шағым айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: видеодан скрин

«Мен не істеймін?»

Әйелдердің бірі видео түсіріп, перзентханада жылы әрі бос бөлмелер бар екенін, алайда оларды кіргізбегендерін айтады.

Бізді осындай жылы палатадан суығына ауыстырды. Өте суық, терезелер буланып жатыр. Тыныс алатын ауа мүлдем жоқ. Жаңа туған балалармен жатамыз. Мен аға акушерге жақындап, кеудемнің ауырып тұрғанын, үсіп тұрғанын, мұнда суық екенін түсіндірдім. Ол: «Мен не істеймін» деді, бірақ бөлмелер бос  тұр. Ол тіпті тұрмады да, қараған да жоқ, - дейді әйелдердің бірі.

Видео авторы әйелдер жылы бөлмеге ауыстыруды сұрағанын, бірақ қызметкерлердің бас тартқанын атап өтті.

Осы орайда Ulysmedia перзентхана – облыстық перинаталды орталық басшылығына хабарласқан болатын. Орталық басшысының міндетін атқарушы Марат Исаханов жас аналардың палаталарды суық деп айтқанын күннің күрт суытып кетуімен байланыстырды.   

Өзіңіз түсінесіз, өңірде соңғы бір аптадан бері күн аяз болып тұр, -42 градус. Алайда палаталар сонша мұздап тұрған жоқ. Іште +24 температураны көрсетіп тұр. Аса алаңдайтындай мәселе жоқ. Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасына осы мәселе бойынша хат жібердік. Аға акушер мен кезекші акушерден түсініктеме алынған. Бүгінгі таңда №2 корпус жұмыс істеп тұр, ал №1 корпус күрделі жөндеу жүргізу үшін жабық. Жас ананы басқа палатаға ауыстыру туралы айтсақ, ол 20 ақпан күні сағат 14.00-де перзентханадан шығуы керек болған. Алайда отбасылық жағдайға байланысты ол мүмкін болмады, – деді М. Исаханов.

Шуақ ауылының тұрғындары да “жылу жоқ” деп шырылдаған

Бұған дейін Абай облысы Жарма ауданы Шуақ ауылының тұрғындары  Ulysmedia.kz порталына хабарласып, ауылда жылудың аздығын айтып, "Аязда жылудың өшіп қалғаны қиын болды, үйіміз салқын" деп шағымданған болатын.

Үш айлық балам бар. Обогреватель үйде ылғи қосулы. Түнімен “өртеніп кетпейік” деп күзетеміз, – деп шағымданады тұрғындардың бірі.

Шуақ тұрғындары жылу мен жарыққа аз ақша төлеп отырмағанын айтады. Соған қарамастан, жағдай түзелмеген. “Балаларымыз жиі ауыратын болды” дейді олар. Жергілікті атқарушы органдардың жұмысына көңілі толмайды.