Ертең төртінші тоқсан: су тасқынынан зардап шеккен оқушылар қалай оқиды

Оралхан Қожанов

Ақтөбе облысында эвакуациялық бекет деп танылған және суға кеткен немесе суға кету қаупі бар мектептерде сабақ қашықтан ұйымдастырылады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан 1 сәуірде оқу процесінің қалай ұйымдастырылатынын хабарлады. 

— Эвакуация пунктері ретінде қызмет етіп жатқан білім беру ұйымдарында оқу процесі — қашықтан, ал басқа су қаупі төнбеген мектептерде сабақ қалыпты жағдайда өтеді, — деді ол. 

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысындағы 32 білім беру ұйымында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар орналастырылған.

Онда барлығы 3 мыңнан астам адам бар болса, оның тең жартысы — бала.

Сонымен бірге суға кеткен және суға кету қаупі бар мектептер тізімінде Ойыл ауданында 14, Темірде 5, Қобдада 6, Хромтауда 2 мектеп бар. 

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысының Қобда, Мұғалжар, Темір ауданында және Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланғанын жазған едік.