Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз конференциясында Өскемендегі экологиялық ахуалға байланысты сұраққа жауап берді. Өскеменді бірнеше күннен бері түтін басып, тұрғындар шағымданған еді. Журналистер әкімге бұл жөнінде бір емес, бірнеше рет сұрақ қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КӨШЕРБАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Көшпелі брифинг барысында әкім экологиялық талаптарды бұзған компанияларға айыппұл салынатынын айтады.
– Өзіміз де осы қалада (Өскеменде – авт.) тұрамыз. Экология мәселесін көріп-біліп жүрміз. Алайда бұған тек өндіріс кәсіпорындары емес, көмір жағатын пештер мен көліктер де әсерін тигізіп жатыр. Ауадағы зиянды шығарындылар араласып басқа газға айналады, – дейді ол.
Әкімнің сөзінше, Өскеменнен гөрі кәсіпорындары көп емес Алматы мен Қырғызстанның Бішкек қаласында жел соқпаса шаһар ішін түтін басады.
Әкім сонымен қатар, зиянды шығарындыларды рұқсат етілген шектен асырып жіберген кәсіпорындарға жыл да шамамен 3,5 млрд теңге мөлшерінде айыппұл салынатынын айтады. Бұл сома экологиялық жағдайды жақсарту, мониторингті күшейтуге жұмсалғалы отыр.
Осы бағытта әкімдік «Халық банкпен» демеушілік бойынша келісім жасаған. Облыста бірнеше кұн бұрын бұрын эколог мамандар және қоғам өкілдерімен бірге Қоғамдық кеңес жанынан тұрақты жұмыс істейтін «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросын» құру туралы ұсынысты талқыланған.
– Қоғам, билік пен өнеркәсіп өкілдері диалог арқылы ауа сапасына қатысты қордаланған мәселелердің шешімін табу керек. Бюро осы бағытта ұсыныстар әзірлеп, тұрғындарға ауа ластануының қауіп-қатері мен оны азайтудың жолдарын түсіндіреді. Ең бастысы, қоғамдық бақылау күшейтіледі, – дейді Көшербаев.
ӨСКЕМЕНДЕГІ ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСІ
Өскемен – еліміздің шығысында орналасқан қала, оны мистикаға толы Сайлент-Хиллмен жиі салыстырып жатады. Шаһарда ауаның ластану мөлшері жыл өткен сайын өсіп барады. Зауыттар мен өнеркәсіптік қалдықтардың арасында өмір сүріп жатқан тұрғындар өткір иісті ауаға үйреніп кеткенімен, мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдағысы келмейді.
Қоңыр тіршілік кешіп келе жатқан тұрғындарға уақыт белдеуіне қатысты өзгерістің өзі оңай соққан жоқ. Уақыт белдеуі өзгерген соң күн ертерек бататын болды. Қазір күннің батуы сағат төртте басталып, қалаға одан да ауыр атмосфера сыйлауда. Ulysmedia.kz бұған дейін оқиға орнынан егжей-тегжейлі мәліметтерді бөліскен еді.