«Бізді жұмысқа алсын»: Құлсарыда жұмыссыз азаматтар наразылығын білдірді

Аян Өрібай

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының жұмыссыз азаматтары наразылығын білдіріп, жұмысқа орналастыруды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

скриншот

“БҰЛ ЕШҚАНДАЙ МИТИНГ ЕМЕС”

Құлсарылықтардың билік өкілдеріне айтқан талабы түсірілген бір емес, бірнеше видео жергілікті пабликтерге тарап кетті. 

Жұмыссыздыққа байланысты жиналып жатырмыз. Өйткені қазір жұмыссыздық белең алып кетті. Іске жарамды азаматтар қазір жәрдемақыға қарап қалды. Алты айдан кейін ол да бітеді. Содан кейін не істейміз? Біздің талап – 14-14 күндік жергілікті компаниялар жұртты жұмыспен қамту керек. Қазір бізді қысқартып жатыр. Тек осындай талаппен әңгімемізді естісін деп келіп отырмыз. Бұл ешқандай митинг емес. Ешқандай арандату жоқ. Осындай жұмыссыз адамдар бар екенін көрсеткіміз келіп тұр, – дейді тұрғындардың бірі.

Жиналған азаматтардың алдына билік өкілдерінен адамдар келген. Бірер полиция қызметкері де байқалады. Жұмыссыз азаматтар Еңбек.кз арқылы жұмысқа тұрыңдар деген соң, сол арқылы тіркеліп, екі қолға бір күрек таппақ болған. Бірақ “одан да қайыр болмады” дейді.

Вакансиялар жәрмеңкесі деген болады. Қаншамасы өтті. Бірде-бірі жұмысқа ала қойған жоқ. Сіздерге айтуға оңай. Бюджеттен ақша алып отырсыздар. Бес балам бар. Сіздің айлығыңыз қанша? 300 мың теңге ме? Бізде ондай жоқ, – дейді тағы бір азамат билік өкіліне қарата.

Жиналған азаматтар өңірдегі іргелі Теңіз, ЕмбіМұнай газ, ҚазМұнайГаз сынды компанияларға тұрғысы келеді-ақ. Сол үшін қоғамдық кеңеске өтініш те түсірген. 

Қазір 100 мың теңгеге де тамақ ала алмайсың. Ашынғаннан осында келіп тұрмыз, – дейді олар.

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ

Ulysmedia.kz тілшісі Атырау облысы әкімдігіне хабарласып, ресми ақпарат алды. Жауап Жылыой ауданы әкімдігінен келді.

Құлсары қаласының тұрғындарымен кездесуде жұмыспен қамту және жұмыспен қамту мәселелері талқыланды. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері халықты жұмыспен қамту үшін Жылыой ауданы әкімдігінің қабылдаған шаралары жайлы түсіндірді. Атап айтқанда, "Жылыой ауданының мансап орталығы" арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынылды, ол жұмыс іздеушілерге бос жұмыс орындарын таңдауда, сондай-ақ оқыту мен біліктілікті арттыру курстарынан өтуде қолдау көрсетеді. Қайтарымсыз гранттар беруді, "Бизнес бастау" және "Онлайн Skills" бағдарламалары бойынша оқытуды, сондай-ақ тоқсан сайынғы бос орындар жәрмеңкелерін өткізуді қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шаралары қосымша түсіндірілді, – деп хабарлайды әкімдік.

Әкімдіктің мәліметінше, ақпарат алғаннан кейін тұрғындар тарап кеткен.