Шымкентте мемлекеттен қайтарымсыз грант аламыз деп, алданып қалған бір топ азаматшалар жиналды. Айтуларынша, танысы жеңіл ақшаға қарық қыламын деп уәде беріп, сан соқтырған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
otyrar.kz-ның мәліметінше, 28 желтоқсан күні Шымкентте алаяққа алданып, сан соғып қалған жиырма шақты азаматша шағым айтты. Олар мемлекеттен қайтарымсыз грант алып беремін деген танысының сөзіне сеніп, қолындағы бар қаржысын ұсынғаны аздай, тіпті бірнеше миллион несие алып берген. Осылайша, оңай олжаға кенелемін деп, оңбай опық жегендерін айтты.
«Әлімқұлова Айнұрға 4 700 000 беріп алданып отырмын. Маған былтыр 90 мың бергенде, 583 мың шығарып берген еді. Сол себептен алданып отырмыз. Айнұр деген жұмыспен қамту орталығында істейді. Сөйтіп 90 күннің ішінде шығарып беремін деген соң мен сеніп қалдым. Ең аз бергеніміз 90 мың, ең көп бергеніміз 12 миллион», - дейді жәбірденуші Аида Айнұрова.
Ақшаңды еселеп беремін деген танысы бар ақшаны жұмыспен қамту орталығының есепшісіне бердім деп айтқан екен. Ал өзі қазір декреттік демалыс алып, ізім-ғайым жоқ болған. Жиналғандар аудандық полиция бөліміне арыз-шағым жазғандарына біршама уақыт болғанын айтуда.
Азаматтардың шағымы қаралмаған соң жәбірленушілер заңгердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары 3 күннің ішінде жазылған арызға жауап қатып, түсініктеме алуы тиіс. Ал полицейлердің бұл істі қолға алуға асықпағанына қарағанда, мұнда бір шикілік бар сияқты деп күдіктенуде.
«Тергеушілердің келген уақытында 3 күн арыз қабылдамаған сәттері де болған. Бізге өтінім берген жәбірленушілердің арасында қатарынан 3 күн келгендері бар. Бірінші күні жұмыста емес екенін, сол себепті қабылдай алмайтынын айтқан. Екінші күні кездесу уақытын өзгерткен. Ол уақытта да қабылдамаған. Үшінші күні нақты жіберген қаражатыңыздың скринын алып келуі керектігін айтқан, бірақ заң бойынша ең алдымен арыз қабылданып алады, беттестіру, түсініктеменің барысында керекті дәлелдерді қабылдап ала беруге болады», - дейді заңгер Гүлизат Сейдазова.
Жұрт шулаған соң, тергеу бөлімінің бастығы жәбірленушілерді басуға тырысты. Айтуынша қылмыстық іс қозғалып жатыр екен.
«Қазіргі таңда Қаратау ауданында «алаяқтық» бабы бойыншақылмыстық іс қозғалған. Бірнеше жәбірленуші бар. Қазіргі таңда тергеу амалдары толық көлемде жүргізіліп жатыр», - дейді Қаратау АПБ тергеу бөлімінің бастығы Серік Асарқұлов.
Жәбірленушілер ақша алды деген Айнұр Әлімқұлова және оның есепшісі мекемеде ешқашан қызмет етпегені белгілі болды.
«Қаратау АПБ Әлімқұлова Айнұр деген азаматша ақша алды деп шағымданған әйелдер жиналып жатыр екен. Бірақ біздің жұмыспен қамту орталығында Әлімқұлова Айнұр деген азаматша жұмыс істемеген, ондай азаматша мүлде болмаған. Біздің есеп бөлімінде Наргиза есімді адам да жұмыс істемеген», - дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Шағдат Әсет.
Бейресми мәлімет бойынша, Полицияға 24 адам жүгініп, алаяқтарға 40 миллион теңге берген. Осылай алаяқтың арбауына түскен 300-дей азамат бар екен.