Түркістан облысының білім басқармасы даун синдромы бар баланың соққыға жығылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАСҚАРМА НЕ ДЕЙДІ
Түркістан облысының білім басқармасы видеода көрсетілген жағдайды назарға алып, тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізген. Оқиға жекеменшік коррекциялық орталықта болған.
- Бейнематериалдағы ер адам – мұғалім емес, арт-терапевт маманы. Ол орталық тарапынан жұмыстан босатылды. Бүгінде балаға қажетті психологиялық қолдау көрсетілді. Қазір баланың жағдайы жақсы, тұрақты сабаққа қатысып жүр деп хабарлаймыз, делінген басқарманың Ұлысмедиаға берген жауабында.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Бұл жайт туралы «Әділ кәсіподақ» ұйымы жария етті. Ерекше күтімді қажет ететін 13 жастағы баланың даун диагнозы бар. Ол Сарыағаш қаласындағы "Ақылды бала" коррекциялық орталығына барып жүрген.
- Жақында сабақ үстінде болған мына жағдай бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Мұғалім Еркебұланды аяғынан сүйреп, жерде жатқызып, бұрышқа қойып, таяқпен ұрып жатыр ма?, дейді кәсіподақ ұйымы.
Еркебұлан сабақтан алып кетуге келген анасы Гүлжаухарға мұғалімдер ұрғанын айтқан.