×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

Боғауыз Бозымбаев, жыламсыраған Досмұхамбетов, оққа ұша жаздаған Сағынтаев

12.01.2022, 15:36
Фото: Ulysmedia.kz

Орталық Азиядағы ең ірі толқу деп аталған Қазақстандағы әлеуметтік наразылықтар қаңтардың басында өңір-өңірлерде өтіп жатты. Бейбіт шеруде әлдебір арандатушы лаңкестердің араласуымен қақтығыстар басталғанда ел арқа сүйер облыс басшылары ортамызда болса екен деген. Алайда елмен бірге болғандар да, көрінбей бой тасалағандар да кездесті.  Ulysmedia.kz қиын-қыстау шақтағы әкімдердің әдебі туралы шағын шолу әзірледі.

НОҒАЕВТЫҢ ЖАТТАНДЫ БЕЙНЕСІ

2 қаңтар Жаңаөзеннен басталған ереуіл кезінде жиналған мыңдаған халық келесі күні де тарқамады. Халық қарасынан сескенді ме, тек 3 қаңтарда ғана алаңға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев келді. Ол баға өсуінің себебін түсіндірмек болғанымен, қалың қауым сөзін тыңдамай тұрып алды. Шарасыз әкім басын изеп, бүрісіп қана тұрды. Бұл кадрлар осыдан 10 жыл бұрын болған көтерілсті еріксіз еске түсірді. Жалпы Жаңаөзендегі қарсылықтың өршуіне Ноғаевтың дер кезінде халық алдына шығып басу айтпағыны да түрткі болғаны түсінікті.

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев, 2022 жыл. Фото: видеоскриншот

ЖЫЛАМСЫРАҒАН ДОСМҰХАМБЕТОВ

4 қаңтарда Жаңаөзендегі наразылыққа батыс өңірінің жекелеген аудандары мен өзге де аймақтар қосыла бастады. Ақтауда халық жолды жауып, Атырауда Исатай мен Махамбет алаңына жиналған халыққа жұмысшылар тобы келіп қосылып жатты. Жұртшылықты сабырға шақыруға шыққан Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қаумалаған жұрттың ішінде қалып қойды. Халық оны көпке дейін жібермей, «елмен бірге болуын» талап етіп, босатқысы келмеді.

Видеода денсаулығы сыр берген әкімді күзетшілері әлде көмекшілері қолтығынан демеп әкеле жатқаны байқалады. Оларды бөгемек болған жігіттерді бұзып өтіп, қызметтік көлікке отырып сытылып шығады.

БОЙ ТАСАЛАҒАН ОРАЗАЛИН

Наразылық акциясын қолдауға шыққан жүзге жуық ақтөбеліктерді қарсы алуға облыс әкімі Оңдасын Оразалин өзі шыққаннан гөрі орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен қала әкімі Асхат Шахаровты жіберуді жөн тапса керек. Әкім орынбасары Ермек Кенжеханұлы тұрғындарды сабырға шақырмақшы болғанымен, оның уәжімен келіскендер аз болды. Жергілікті тұрғындар облысқа Оразалин келгелі қар күрелмейтін болды деп шағымданады. 

Батыс өңірлердегі халық талабынан соң үкіметтік комиссия Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасы 1 литріне 50 теңгеге дейін төмендейтінін мәлімдеді.

Ақтөбеде де газ 50 теңгеге арзандады.

Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов, 2022 жыл. Фото: видеоскриншот

ТЫҒЫЛЫП СӨЙЛЕГЕН ЕСҚАЛИЕВ

Оралдағы шеруде 500-дей адамның қарасы байқалды. БҚО облысы әкімі Ғали Есқалиев өзін күзеткен арнайы жасақтың арқасына жасырынып шеруде тұрағандармен сөйлеспек болды. Десе де жұрт оны тыңдамайтынын ашық айтып, әкім сөзін өткізе алмады. 

«ГҮЛШАРА ХАНЫМ, ҚАЙТА БЕРІҢІЗ!»

4 қаңтар күні Қызылорда қаласындағы бейбіт шеруге жиналғандар бірқатар саяси талаптарын алға тартты. Кешкі сағат 19-30 шамасында алаңға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс прокурорының орынбасары Нұрлан Ерманов келді. 

Белсенділердің бірі «Гүлшара ханым мынаның бәрі сіздің қолыңыздан келмейтінін білеміз. Сіздің қолыңыздан келетіні, мына халыққа палатка мен био туалет қойып беріңіз. Болды, қайта беріңіз!», – деді.

Осыдан соң Гүлшара Наушақызы үнсіз бұрылып алаңнан кетіп қалды. Осылайша бір өзгерістен үміт күткендер әкім мен орынбасарды алаңнан қайтарып жіберді.

ОҚҚА ҰШҚАН САҒЫНТАЕВ

Бұдан кейінгі ереуілді миллионнан астам тұрғыны бар Алматы қаласы жалғастырып әкетті. Мың қаралы жұрт Алматы Арена маңайына топтасып, әлеуметтік наразылық сипаты тереңдеп баа жатқан-ды. Көз алдымызда ару қалаға әлдебір арандатушы лаңкестік топ шабуылдай бастағанда, қаладағы маңызды стратегиялық нысандар қараусыз қалды. Қарапайым халық пен күштік құрылымдарға нақақ күш көрсетіліп жатқанда бейбіт шеруге жиналған халық аңтарылып қалды. Аласапыран уақытта қала басшысы Бақытжан Сағынтаев бой тасалап, мүлде көрінбеді.

Өртке оранған Алматы әкімдігі, 2022 жыл. Фото: Ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов халықтан іріткі салушылардың арбауына түсіп қалмауды сұрап видео-үндеу жолдады.

Ел аяғы тынши бастағанда Сағынтаев мырза бір топ әкімдік қызметкерлерімен оқ астында қалғанын айтып, пікір бергенімен көптің көкейіндегі күмән сейілмеді.

БОҒАУЫЗ БОЗЫМБАЕВ

Ал Алматы облысы әкімі Қанат Бозымбаев ентелеген қауымға сөзін өткізе алмай әлекке түскенде “Тыңда ёпт” деп аузынан балағат шығып кеткенін өзі де аңдамай қалды. Бұл да әкімдердің халықпен етене жұмыс істей алмайтынының бір көрінісі болса керек. Қоластындағыларға әбден бұйрық беріп үйреніп қалған шенеуніктер халықпен тіл табысып жұмыс істеп үйренсе нетті.

Алматы облысы әкімі Қанат Бозымбаев, 2022 жыл. Фото: видеоскриншот

ТАЯҚ ЖЕП ҚАЛҒАН ӘКІМ-ҚАРАЛАР

Ресми террорлық шабуыл деп баға берілген наразылық кезінде таяқ жеп қалған әкім-қаралар да бар. Мәселен, 5 қаңтар күнгі митинг кезінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашов жарақат алған. 61 жастағы шенеунік ауруханаға жеткізілген.

Шабуылдан кейінгі Талдықорған әкімдігі ғимараты, 2022 жыл. Фото: Ашық дереккөзден

Қалалардағы толқу кезінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов та соққыға жығылған.

«Содан соң шабуыл басталды, басымнан ұрды. Бізді ұстап алып, белгісіз бағытқа қарай сүйреді, киімімізді жыртып, аяғымыздан теуіп, телефонымызды тартып алды. Біздің солдаттар мен полиция көзден жас шығаратын газ жіберген кезде ғана мен олардан қашып құтылдым», - деп еске алды ол баспаөзге берген сұхбатында.

Ауруханаға барғанда оған миы шайқалған деген диагноз қойған. Ал қала әкімі Мұрат Әйтенов осы күнге дейін қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ.

Шымкенттегі наразылық, 2022 жыл. Фото: azattyq.org

Жаппай наразылық Қарағанды ​​облысының Жаңарқа, Осакаров аудандарын мен Жезқазған, Сәтбаев қалаларында жалғасты. митингілер өтті. «Қазақмыс» корпорациясының жұмысшылары жалақы көтеруін сұрап ереуілге шықты. Сол сияқты бейбіт митингілер Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында да ішінара көтерілген халық арасында әкімдікке шабуылдаушылар көрінбеген соң, басшылар тарапынан аса белсенділік байқалмады.

САПАРБАЕВТЫ СӨЙЛЕТПЕДІ

Таразда әнұран шырқап алаңға жиналғандар басу айтып, тәртіпке шақыруға шыққан Бердібек Сапарбаевтың дауысын естіртпей тастады.

Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев, 2022 жыл. Фото: Әкімдіктің баспасөз қызметінен

Жергілікті журналистердің айтуынша, мұнда да облыстық әкімдік ғимараты мен «Нұр Отан» партиясының филиалына, полиция департаменті мен қалалық полиция басқармасының ғимараттарына шабуыл жасалған.

Шабуылдан кейінгі Жамбыл облысы әкімдігінің ғимараты, 2022 жыл. Фото: Әкімдіктің баспасөз қызметінен

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде бірді-екілі жұрт алаңға жиналғанда әкім Даниал Ахметов те топ арасынан көрінді. Ал Семей қаласында әкімдікке шабуылдашылар болған. Осыдан да болар бұл өңірде де интернет пен байланысты жиі-жиі үзіп отырды.

Бейбіт шеруге шыққан халық талаптардың бірі ретінде әлеуметтік мәселелерден бөлек, еркін және әділ сайлау болуын сұрады. Қиын-қыстау шақта әкімдердің ел арасынан түрлі кейіпте көрінуі олардың халықпен қаншалықты бірге екендіктерін аңғартып өтті. Халықтың саяси процестерге қатысу еркіндігі шектелмеген күнде үн-түнсіз жатқан әкімдер кешегі күні алаңда елмен бірге болар ма еді?!

Серіктес жаңалықтары