Алматыда бірнеше жігіт қызды ұрлап кетпек болған

Сымбат Сатыбалдина
Видео кадры

Алматыда бірнеше жігіт қыз баланы көлікке күштеп отырғызып, алып қашпақ болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Бұл жағдай туралы TikTok-қолданушысы видео жариялаған. 

- Қазір сондай бір шок жағдайында тұрмын, оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қазір видео жүктеймін, сіздер де шок боласыздар. Бұл 21 ғасырда, Қазақстанда болып жатқан оқиға, – дейді видео авторы. 

Видеода бірнеше жігіт қыз баланы күштеп көлікке отырғызбақ болғаны көрсетілген. Артынша оқиға орнына басқа бір қыз бен тағы бірнеше адам келіп, көлікті ашуды талап етіп, жігіттердің кетіп қалуына жол бермеген. Есі шыққан қыз көліктен атып шыққан. Артынша қыз баланы ұрлап кетпек болған жігіттер көлігін айдап, кетіп қалған. 

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Алматы қаласының полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 15 қыркүйекте болған. «102» арнасына куәгерлерден түскен хабарлама бойынша оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері жіберілген.

Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталды. Алып қашпақ болған жігіт пен қыз бала бір-бірін бұрыннан танитыны белгілі болды. Жәбірленуші қыз арыз жазудан және шағым түсіруден бас тартқан.

- Сонымен қатар, ер адаммен құқық бұзушылық әрекеттері үшін жауапкершілік туралы түсіндіріліп, профилактикалық әңгіме жүргізілді. Полиция, әсіресе зорлық-зомбылық немесе өмір мен денсаулыққа төнетін қауіп туралы сөз болған жағдайда, әрбір ықтимал құқықбұзушылық туралы хабарламаға міндетті түрде әрекет ететінін атап өтеміз, делінген хабарламада. 

ЗАҢ

Айта кетейік, сейсенбі, 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске «Некеге мәжбүрлеу» туралы жаңа бап енгізілді. Яғни Қазақстанда Қылмыстық кодекске 125-1-бап қосылып, ол ресми түрде күшіне енді. Енді некеге мәжбүрлеу қылмыстық құқықбұзушылық болып есептеледі.

ЖАЗА

Бұл әрекет үшін айыппұл салу, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Қылмыстың ауырлығына қарай, жаза көлемі 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұлдан бастап екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жетуі мүмкін.