Қоғам қайраткері Санжар Боқаев Алматыдағы жерасты жаяу жүргінші өткелдерін жөндеуге кеткен шығындарды негізсіз деп атап, қылмыстық іс қозғауды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Боқаев жерасты өткелдерінің қазіргі жағдайын видеоға түсірді. Жарияланған жазбаға қарағанда, бір ай ішінде онда тек бұрынғы сапалы плиталарды бұзумен ғана шектелген. Оның айтуынша, екі нысанды жөндеуге бюджеттен шамамен 1 миллиард теңге бөлінген. Боқаев жауапсыздық танытқан шенеуніктерді жазалап, қылмыстық іс қозғауды талап етті.
– Міне, мердігер – «IZI company» ЖШС, екі жаяу жүргінші өткеліне шамамен 1 миллиард теңге. Сіздерде ақыл бар ма өзі? Әкімдік қайда қарап отыр? Сметаны кім бекітті? Мұнда міндетті түрде қылмыстық іс қозғау қажет деп есептеймін. Оны бір аптада жасап шығуға болатын еді. Бірақ оған ешқандай қажеттілік болмаған, – деп ашуланды қоғам қайраткері.
Боқаев бұл мәселеге қатысты уәкілетті органдарға жүгінуді жоспарлап отырғанын айтты.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Санжар Боқаев түн ішінде белгісіз адамдардың Үлкен Алматы өзені жағалауынан гранит плиталарын жасырын тасып әкетіп, кейін оларды құлпытас жасайтын цехқа жеткізгенін видеоға түсірген болатын.