Әкім: трасса бойындағы әжетханалар таза әрі жайлы

Динара Жарқынбек
Ulysmedia.kz коллажы

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Олардың арасында трассалардағы санитарлық нысандарға қатысты сауал да болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Таза, жайлы, жылы” әжетханалар

Журналист әлеуметтік желілерде облыс трассаларында әжетханалардың аздығы туралы пікірлер жиі айтылатынын атап, бұл мәселенің шешілу барысын сұрады. Әкім нақты деректерді келтіріп, жағдайды түсіндірді.

Ахметжановтың айтуынша, облыс аумағында трассалар бойында 28 санитарлық нысан бар, олардың жұмысын «ҚазАвтоЖол» қамтамасыз етеді.

Әкім өз сөзінде былай деді:

- Трассаларда 28 нысан бар. Оларға “ҚазАвтоЖол” қызмет көрсетеді. Қандай шағым бар? Жолда, осында келе жатып өзім тоқтап қарадым. Таза, жайлы, жылы. 230 шақырымға 28 әжетхана орнатылған. Нақты қай жерде жабық тұр немесе жұмыс істемей тұр — соны айтыңызшы? Бұл менің тікелей құзыретім емес, оған “ҚазАвтоЖол” жауапты, – деді ол.

Реновация бағдарламасындағы жаңа үйлерге қатысты сұрақ

Брифингте тағы бір журналист реновация бағдарламасымен сатып алынған жаңа үйлердің кейбірінде ақау болуы мүмкін деген пікірді алға тартты. Әкім бұл жөнінде нақты дерек қажет екенін айтты.

Ол бұл сұраққа:

- Мұндай абсурд сөздерді неге айтасыз? Біз алған үйлердің қайсысы құлап жатыр? Бәрі риза. Мемлекет басшысы да осы нысандарды көрді, – деп жауап берді.

Сонымен қатар, ол Қосшы қаласында бірқатар техникалық мәселелер болғанын, бірақ олардың кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізді.

- Онда бизнес өкілдері тұрады. „Құлап жатыр“ деген сөзді дәлелсіз айту — әсіресе сіздердің тараптан — дұрыс емес. Нақты факті келтіріңіз, – деп түсіндірді аймақ басшысы.