Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ОКҚ-де өткен брифинг барысында өңірдегі ұзаққа созылған құрылыстар туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның сөзінше, соңғы жылдары облыста бірнеше нысанның құрылысы түрлі себептермен тоқтап қалған.
- Өкінішке қарай, бізде “құрылысы ұзаққа созылған” нысандар көп болды. Кейбір мектептер мен медицина мекемелерінің құрылысы пандемия кезінде тоқтап қалды, жобалық-сметалық құжаттама өзгерді, бағалар өсті. Соның салдарынан біраз нысан уақытында аяқталмады. Биыл осындай бес нысанды — оның ішінде 2021 жылы аяқталуы тиіс болған мектептер мен медициналық ғимараттарды — толық бітіріп, пайдалануға бердік, — деді облыс әкімі.
Әкімнің айтуынша, мұндай нысандарды бітіру үшін қосымша 64 млрд теңге бөлінген.
- Бұл қаражат жаңа жобалар мен индустриялық аймақтарды дамытуға да жұмсалуы мүмкін еді, бірақ ең бастысы — бұрын басталған істерді аяқтау қажет, — деді ол.
Ахметжанов жаңа жобалардың құрылысы бүгінде қысқа мерзімде аяқталып жатқанын атап өтті.
- Биыл заңсыз шетелге шығарылған қаражат есебінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысын бастадық. Бар-жоғы бес жарым айда толық бітірдік. Сондай-ақ Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр, желтоқсанда ашылады. Барлық жаңа нысандар шамамен 8-10 айда салынады. Осы үнемделген қаржы ескі нысандарды аяқтауға мүмкіндік берді, — деді Ахметжанов.
Ол мысал ретінде Макинка ауылындағы бассейнді келтірді.
- Бұл нысанның құрылысы 1993 жылы басталған. 30 жылдан кейін, 20 қарашада, біз оны пайдалануға береміз. Ескі жобаларды аяқтау — басты мақсатымыз. Алдағы жылдары бюджет қаржысы жаңа жобаларға бағытталуы тиіс, - деп түйіндеді өңір басшысы.