Астанадағы қасіретті оқиға: жөндеу жұмысына жауапты кім?

Динара Жарқынбек
Фото: instagram

Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйдің қасбетінің құлауы салдарынан бес адам жарақат алып, бір фельдшер кейіннен көз жұмды. Оқиғаға байланысты жауапты тараптар мен бақылау тетіктері туралы ресми түсініктеме берілді.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қасбеті құлаған үй 20 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, мұндай нысандардың қауіпсіздігі мен күтіміне үйдің балансын ұстайтын ұйым – мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) жауапты.

«Тұрғындардың басқару бірлестігі міндетті түрде ортақ мүлікті күтіп-ұстауы керек. Бұл жағдайда тұрғын үйдің қасбеттік қоршау материалдары қауіпсіздік талаптарына сай болуы тиіс», – деді Жүнісбеков.

Оның айтуынша, капиталдық жөндеу жүргізу тәртібі ашық қолжетімді. Әр үй иесі бекітілген мерзімділікке сәйкес жөндеу мен техникалық тексерулердің қашан жасалуы керектігімен таныса алады.

«Капиталдық жөндеуге дейін міндетті түрде техникалық зерттеу жасалады. Егер көтергіш не қоршау конструкцияларында көзге көрінетін зақымдар болса, бұл тексеру міндетті. Мұндай жағдайларды анықтап, жою – ғимарат иелерінің міндеті», – деп қосты ол.

Сонымен қатар, тұрғын үйлердің жалпы жағдайына бақылауды тұрғын үй инспекциясы жүргізуі тиіс.

КОНТЕКСТ

8 қарашада көпқабатты үйдің шамамен 150 шаршы метр қасбеті опырылып, бірінші қабаттағы дүкеннің кіреберісін басып қалды. Бес адам жарақат алды, олардың екеуі — оқиға орнына келген фельдшерлер. Ауыр жараланған медицина қызметкері бірнеше күннен кейін көз жұмды. 18 қарашада Президент оған «Ерлігі үшін» медалін берді.

Қазіргі таңда оқиға Қылмыстық кодекстің 306-бабы («Сапасыз қызмет көрсету») және 278-бабы («Сапасыз құрылыс») бойынша тергеліп жатыр. Тергеу үйдің техникалық жағдайы мен жауапты ұйымдардың әрекеттерін тексеруде.