Қостанай облысында экс-шенеунік 2 млрд теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды

Сырым Қаржас
ЖИ / ulysmedia.kz

Қостанай облысында 2 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысын жымқыру дерегі әшкереленді. Тергеу мәліметінше, заңсыз схемаға облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы мен қазіргі орынбасары қатысқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақ халатты жемқорлар

Облыстық прокуратураның ақпаратынша, аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру ісі бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы, басқарманың қазіргі орынбасары, аудандық бас дәрігер, сондай-ақ медициналық құрал-жабдық жеткізуші күдікке ілінген. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар медициналық сатып алулар барысында жемқорлық әрекеттерге барған.

- Медициналық ұйымдар тарапынан сұранысқа ие емес жабдықтар нарықтық бағадан бірнеше есе қымбатқа сатып алынғаны анықталды. Осы деректер бойынша Қостанай облысының прокуратурасы қылмыстық істерді тіркеді, – деп мәлімдеді қадағалау органы.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Прокуратура өкілдері күдіктілердің қамауға алынған-алынбағанын нақтыламады. Іс бойынша өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.