Алматыда тауға шығып, хабар-ошарсыз кеткен үш жігіттің барлығы қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Информбюро31 мәліметінше, құтқарушылар соңғы екі марқұмның денесін 3700 метр биіктіктен, қалың қардың астынан тапты. Оларды қар арасынан күрекпен қазып алуға тура келген. Бұған дейін дәл осы аумақта үшінші жеткіншектің мәйіті анықталған еді. Бүгін 17 жастағы оқушы туған-туыстарының қатысуымен жер қойнына тапсырылды.
Бес күн бұрын таңертең тауға жорыққа шыққан үш жас жігіттен кейіннен байланыс үзілген. Ешқайсысы тірі оралмады. Сенбі күні құтқарушылар қар астынан екі жігіттің қолғаптары көрініп тұрғанын байқап, қазу жұмыстарын жүргізген. Қаза тапқандардың барлығы – жас азаматтар. Ең үлкені небәрі 20 жаста болған. Алғаш болып табылғаны – 17 жастағы мектеп оқушысы. Қайғыдан қан жұтқан анасының айтуынша, жастар бұл сапарға бір апта бойы дайындалған.
ТЖМ
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 112 пультіне хабарлама 25 желтоқсаннан 26-на қараған түні түскен. Сол күні 80 адамнан құралған құтқару тобы дронның көмегімен жеткіншектің денесін 3700 метр биіктіктен анықтаған. Кейін табылған екі мәйіт те осы аумақтан, нақтырақ айтқанда «Локомотив» шыңы маңынан шықты. Алдын ала болжам бойынша, жас жігіттер қар көшкініне тап болып, қар астында қалған.
Қайтыс болғандардың өлім себептерін нақты анықтау үшін мәйіттер полицияға тапсырылды. Ал алғаш табылған жеткіншек бүгін ақтық сапарға шығарылды. Айта кетейік, бұл соңғы екі апта ішінде тауда адам өлімімен аяқталған екінші қайғылы оқиға. Бұған дейін, 20 желтоқсанда жалғыз өзі шыңға шаңғы тебуге шыққан 18 жастағы қыздың да мәйіті табылған болатын.