Ізі өшкен үкім: Ұлытау облысындағы азаптауға қатысы барлар ақталып шықты

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырған үкімнен басталып, көп ұзамай жариядан ғайып болды. 2025 жылдың жазында Ұлытау облысы соты үш полиция қызметкеріне қатысты үкім шыққанын хабарлаған еді: олар аудандық полиция бөлімінің дәретханасында ер адамды азаптағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсы 5 жылға бас бостандығынан айырылған.

Алайда арада көп уақыт өтпей жатып, соттың ресми хабарламасы ешқандай түсініктемесіз сайттан алынып тасталды. Ұлытау облысының сот органдары бұл деректі растағанымен, іс бойынша басқа пікір білдіруден бас тартқан. Ulysmedia.kz бұл істің соңы күтпеген шешіммен аяқталғанын анықтады: іс қайта қаралып, ауыр азаптау айыбымен сотталған құқық қорғау қызметкерлері толықтай ақталып шыққан.

Тергеу нұсқасы қандай болды?

Тергеу деректеріне сәйкес, оқиға 2024 жылдың 14 тамызына қараған түні болған. Жаңаарқа ауданының тұрғыны Қайрат Махатовты полиция қызметкерлері ұстаған. Алдымен ол медициналық тексеруден өту үшін аудандық ауруханаға жеткізілген, кейін аудандық полиция бөліміне апарылған.

Тергеу мәліметінше, Махатов ешқандай қарсылық көрсетпеген, заңсыз әрекет жасамаған. Соған қарамастан, полицияның үш қызметкері – учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Жүрсін Айтбеков, қылмыстық полиция жедел уәкілі Арлан Теміртай және полиция жүргізушісі Мерей Хамиев оны күшпен бөлімнің бірінші қабатындағы дәретханаға кіргізген.

Іс материалдарына сәйкес, сол жерде ер адамды соққыға жыққан: қолдарын қайырып, басы мен денесінен ұрған, тіпті есінен танып, еденде жатқан сәтінде де ұруларын жалғастырған. Оқиғаны бөгде адамдар көрмеуі үшін полицейлердің бірі дәретхананың есігін іштен жауып алған. Жәбірленушіні су құйып есін жиғызғаннан кейін, азаптау қайта жалғасқан.

Сот құжаттарында кейін полицейлер өз әрекеттерін жасыру үшін жәбірленушіні қорқытып, дәретханада ұсталғаны туралы хаттамаға қол қойдырғаны көрсетілген. Сонымен қатар, оның үстіндегі футболканы алып қойған, алғашқы медициналық көмек көрсетпеген және арнайы бөлмеге төсек-жабдықсыз қамап қойған.

Ауыр жарақаттар

Бірнеше сағаттан соң Қайрат Махатов жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізілген. Сот-медициналық сараптама оның бес қабырғасы сынғанын анықтаған. Бұл жарақаттар денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян ретінде бағаланған.

Дәл осы деректер негізінде полиция қызметкерлеріне Қылмыстық кодекстің 146-бабының 3-бөлігінің 1 және 3-тармақтары – лауазымды тұлғалар тобы жасаған азаптау дерегі бойынша айып тағылған.

Алайда резонанс тудырған бұл іс кейін қайта қаралып, ақырында айыпталушылардың барлығы сот арқылы толықтай ақталып шыққан. Істің неліктен бұлай аяқталғаны жөнінде сот органдары ресми түсініктеме бермеді.

Алғашқы үкім

Журсин Айтбеков, Арлан Теміртай және Мерей Хамиевке қатысты іс Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында алқабилердің қатысуымен қаралды. Алқабилер сотын өткізуді айыпталушылардың өздері сұраған. Сот процесі кезінде олардың екеуі елден шықпау туралы қолхатпен, үшіншісі кепілмен жүрген.

2025 жылғы 11 маусымда алқабилер алқасы үшеуін де кінәлі деп таныды. Сот әрқайсына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазаны орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеуді белгіледі. Айыпталушылар полициядағы арнаулы атақтарынан (лейтенанттар мен кіші сержант) айырылып, мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге тыйым салынды. Бұлтартпау шарасы қамауда ұстауға өзгертіліп, үкім жарияланған бойда Айтбеков, Теміртай және Хамиев сот залында қамауға алынды да, Қарағанды облысындағы колонияға этаппен жеткізілді.

Дәл осы үкім туралы Ұлытау облысының соты бастапқыда ресми баспасөз хабарламасын таратқан. Алайда ол хабарлама келесі күні-ақ сайттан алынып тасталған.

Үкімнің күшін жою

Алайда айыптау үкімі ұзаққа бармады. Екі айдан кейін Ұлытау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді. Қайта қарау сол бірінші сатыдағы сотта, бірақ өзге құраммен және процесті алдын ала тыңдау кезеңінен бастап өткізу туралы шешім қабылданды.

Үкімді жоюдың нақты себептері көпшілікке түсіндірілген жоқ. Бұл шешімге қатысты да ресми хабарлама немесе түсіндірме берілмеді.

Екінші сот және ақтау

Жүрсіе Айтбеков, Арлан Теміртай және Мерей Хамиевке қатысты іс қайтадан алқабилердің қатысуымен қаралды. Сот сол баяғы фактілерді, сол медициналық қорытындыларды және тараптардың бұрынғы айғақтарын зерттеді.

Соған қарамастан, 2025 жылғы 26 желтоқсанда сот пен алқабилердің өзге құрамы мүлде керісінше шешімге келді. Алқабилер қылмыс оқиғасы болмаған деген тұжырым жасады: яғни азаптау фактісі де, қылмыстың өзі де дәлелденбеді.

Дәл осы негізбен қылмыс оқиғасының болмауына байланысты үшеуі де толық ақталды. Сот бұлтартпау шарасын алып тастап, Айтбеков, Теміртай және Хамиев сот залынан босатылды. Мемлекет олардың ақталу және заңсыз қылмыстық қудалаудан келген зиянды өтеу құқығын мойындады. Тәркіленген мүлік пен кепіл ретінде алынған Toyota Camry көлігі заңды иесіне қайтарылды.

Нәтижесінде «дәретханадағы азаптау» деп аталған іс қылмыссыз аяқталды: бірінші сатыдағы сот азаптау деп бағалап, нақты мерзімге соттаған әрекеттер соңында заң тұрғысынан болмаған оқиға деп танылды.

Айта кетейік, бұл өңірдегі құқық қорғау органдары тарапынан жасалған азаптау деректерімен байланысты алғашқы жағдай емес. Еске салсақ, 2024 жылы Ұлытауда Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 11 қызметкері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері 11 сотталушыға қорлық көрсеткені үшін сотталып, мекеме басшылығына нақты бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалған еді.

Авторы: Динара Бекболаева