Жаңа Салық кодексі аясында 2026 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы режим енгізіледі. Алайда олар жаңа ережелер бойынша жұмысын бастай алмай отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар E-Salyq Business жүйесінде тіркеліп, екінші деңгейлі банктердегі арнайы шоттар арқылы жұмыс істеуге міндеттелді. Алайда, олардың айтуынша, кейбір банктер арнайы шоттарды іске қосуға дайын болмай шыққан. Соның салдарынан жұмыс күндері өтіп жатқанымен, іс алға баспай тұр.
— Жалпы алғанда, кезекті «жан-жақты ойластырылған реформа» жол-жөнекей, ұсақ-түйегіне дейін қайта пысықталып жатыр. Мұнда мәселе, сірә, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне көбірек тірелетін сияқты. Өйткені ол өткен жылдың соңғы күні, яғни 2025 жылдың 31 желтоқсанында тиісті ережелерді қабылдады. Арнайы шоттармен жұмысты алдын ала емес, жаңа жыл басталған соң ғана байыппен бастау үшін. Ал адамдар ше, адамдар шыдай тұрады ғой. Олар мемлекеттік сыйақыны емес, өздерінің маңдай терімен табуға тиіс ақшасын күтіп отыр, — деп наразылығын білдірді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.