Шымкентте кәмелетке толмаған қызды алып қашып, зорлаған: тергеу жүріп жатыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Әлеуметтік желілерде Шымкентте кәмелетке толмаған қызды алып қашып, зорлады деген ақпарат тарады. Қалалық полиция департаменті бұл дерекке қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын Ulysmedia.kz-ке растады.

МӘН-ЖАЙ

Тараған видеоларда қыз өзін алып қашып, бір үйге әкелгенін айтады. Оның сөзінше, күдіктінің туыстары оны сол үйде қалуға үгіттеп, шағымы жоқ екені туралы хат жазуды талап еткен. Қыздың айтуынша, ол зорланған, алайда кінәлілер жазасыз қалған.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Шымкент қаласының полиция департаменті қыздың арызы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

- Іске қатысы бар барлық тұлға полиция басқармасына жеткізілді. Істің барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады. Полиция кез келген құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидатын ұстанатынын ескертеді. Заң талаптарын бұзған тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетті түрде жауапкершілікке тартылады, — делінген хабарламада.