Оралда әкімдерден ақша бопсалаған блогер сотталды

Сырым Қаржас
pixabay.com

Орал қаласында блогер шенеуніктерден ақша бопсалағаны, алаяқтық жасағаны және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырғаны үшін сотталды. Тергеу дерегінше, ол аудандардың әкімдерінен және өзге де лауазымды тұлғалардан әлеуметтік желілерде олардың жұмысына сын айтылған жарияланымдарды өшіру және «көмек көрсету» үшін ақша талап еткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

ТОЛЫҒЫРАҚ

25 ақпанда Орал қалалық соты 43 жастағы Айболат Букеновті кінәлі деп танып, оны орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда үш жылға бас бостандығынан айырды. Сот барысында Букенов әлеуметтік желілерде билік өкілдерін сынау арқылы аудитория жинап, кейін осы танымалдығын ақша табу үшін пайдаланғаны анықталған. Іс бойынша жәбірленуші ретінде Батыс Қазақстан облысындағы бірнеше ауданның әкімдері, шенеуніктер мен бір депутат танылды.

Сондай-ақ тергеу блогер алған қаражаттың бір бөлігін бәс тігуге жұмсағанын мәлімдеді. Барлық жәбірленуші келтірілген шығынды өтеуді талап етті. Сотта Букенов өз кінәсін мойындап, ақшаны қайтаруға уәде берді. Ол кінәні мойындау туралы келісімге қол қойған.

Сот отырысында жәбірленушілердің басым бөлігі оған қатаң жаза тағайындауды сұрады. Тергеу кезінде блогер үйқамақта болған. Үкім жарияланғаннан кейін ол сот залында бірден қамауға алынды.