Оңтүстіктегілер бүгін де әбігерге түспек: Арыс арқылы өтетін Қабылсай каналы толып жатыр

Ulysmedia

Түркістан облысының бес елді мекенінде түнімен су бұру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр

Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында Шаян мен Шақпақ, Сауран ауданында Шаға, Созақ ауданының Шолаққорған ауылдарында және Арыс қаласында жағдай мәз емес. Үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 13 000 бірлік құм салынған қап төселген.

Жұмыс жүргізуге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың, Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдарынан 430-дан астам адам, 70-ке жуық бірлік техника, 43 мотопомпа жұмылдырылды.

ТЖМ мәліметінше, Кентау қаласындағы Қарнақ ауылының, Сауран, Бәйдібек аудандарының су басқан аула аумағынан 204 адам, оның ішінде 111 бала эвакуацияланды, 201 ұсақ мал қауіпсіз жерге айдалды. Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар Сауран ауданында 4 эвакуациялау пунктін дайындады.

Облыстық және республикалық жедел штабтар қызмет көрсетуде.Облыстық және республикалық жедел штабтар базасында «Жедел желі» телефоны ашылды.

"Қазгидромет" РМК деректері бойынша 3 ақпанда облыстың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), сондай-ақ температуралық фонның жоғарылауы, қардың белсенді еруі, еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтіледі.

Қазіргі уақытта еріген қар және жаңбыр суларының мол түсуіне байланысты Арыс қаласы арқылы өтетін Қабылсай каналы толып жатыр. Жергілікті жұрт бүгін де біраз әбігерге түспек.