Ақтөбедегі жоғары көпсалалы “Болашақ” колледжінің студенттері мен ата-аналары оқу ақысының күрт өсуіне наразы. 1 500 студент мектептен де кішкентай аядай ғимаратта оқып жатыр. Колледждің материалдық-техникалық базасы талапқа сай ма? Білім беру ұйымын Оқу-ағарту министрлігі немесе тиісті бақылаушы органдар тексере ме? Ата-аналар прокуратураға арыз түсірді.
Мән-жай
Бүгін оқу орны алдына бір топ ата-ана мен студенттер келіп, наразылық білдірді. Жағдайға қоғам, Оқу- ағарту министрлігінің назар аударуын, құзырлы органдардан тексеріс сұрайды.
Динара Қойшығұлова – “Акушер ісі” мамандығының 2-курс студенті. Оның сөзінше, былтыр колледжге түскен кезде оқу ақысы 300 мың теңге болған.
– Екінші курсқа ауысқанда, қыркүйекте ешкім нақты мәлімет бермеді. Шамамен 400 мың теңгеге көтеретін шығар деп ойладық, бірақ бізде оқу ақысы 400 мың емес, 575 мың теңгеге көтерілді. Студенттер де, ата-аналар да бұған қарсымыз. Неліктен оқу ақысы сонша көтерілгенін түсіндірсін. Колледжде алып бара жатқан білім жоқ деп есептейміз. Ал төлеміне қарасақ, университеттің бағасымен бірдей, – деді студент.
Студенттердің тағы бірі Диана Есіркеп оқу ақысының жыл сайын өсуі отбасыларға қаржылық салмақ түсіріп отырғанын айтты.
– Директор “Оқысаңдар — оқыңдар, оқымасаңдар – кете беріңдер” деп отыр. Бұл не деген сөз? Бірінші курста жақсы қарсы алып, соңғы курсқа келгенде “қайда барсаңдар, сонда барыңдар” деу дұрыс па? Диплом алатын уақыт жақындағанда басқа оқу орнына қалай ауысамыз? Ең болмаса, оқу ақысын 550 мың теңгеге дейін көтерсін. Неге бірден 650 мың теңге? Қосымша 200 мың теңгенің есебі қандай?, – деді студент.
Ата-аналар жағдайға министрліктің араласуын сұрайды.
– Мен алты баланың анасымын. Жолдасым базарда аула сыпырушы болып істейді. 80 мың теңге жалақы алады. Екінші бадам оқуға түсіп жатыр. Әлі төрт балам бар. Оларды киіндіремін. Тамақ қымбат. Өзіміз оқымасақ та, балалар оқысын дейміз. Жоғары жақ тексерсін, қарасын, – деді ата-ана Бибігүл Аймағанбетова.
Колледж әкімшілігі не дейді?
Жоғары көпсалалы “Болашақ” колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлназ Омарова оқу ақысының көтерілгенін растады.
– Оқу ақысының көтеріліп жатқаны рас. Нарық заманына байланысты. Біз жекеменшік колледж болғандықтан, өз-өзімізді қамтамасыз етеміз, бірақ оқу ақысы барлық мамандықта бірдей 100 пайызға көтерілген жоқ. Әр мамандықта бөлек-бөлек өзгерді. Кейбірінде 50–56 пайызға көтерілгені рас. Келісімшартта оқу ақысының өзгертілуі мүмкін екені жазылған. Бұл туралы студенттерге түсіндіріледі, – деді Гүлнәз Омарова.
Наразылық білдірушілердің айтуынша, олардың бір бөлігі оқу ақысын төлеу үшін несие алуға мәжбүр болған. Енді төлемнің өсуі білімін жалғастыруға кедергі келтіруі мүмкін.
Мәселенің түйіні - оқу ақысының қаншаға өскенінде ғана емес, білім сапасы да назар аударуды талап етіп тұр.
Екі қабатты аядай ғимаратта мұғалімдер мен дәрігерлер диплом алып шығады. Колледждің материалдық-техникалық базасы талапқа сай ма? Тексерістің қашан жүргені әзірге белгісіз.
Ардақ Ерубаева