Шығыс Қазақстанда жарық қымбаттайды

Ғалиасқар Думан

ШҚО-да электр энергиясының бағасы өсуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Аймақты жарықпен қамтып отырған "Шығысэнерготрейд" ЖШС табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментіне бірнеше мәрте өтінім жолдаған. Егер ведомство келісім берсе, электр энергиясының тарифі өспек.

Бұған дейін "Шығысэнерготрейд" 1 ақпанда бір өтінім берген. Алайда оған жауап болмапты. Мақсатына жетуді көздеген компания комитетке қайта жүгініп отыр.

Компанияның мәліметінше, тарифті өсіруге "энергия сатып алу мен берудің орташа бағасы жоғарылауы", "KEGOC" АҚ-ның қызмет құны өсуі", "жабдықтардың қымбаттауы" әсер еткен.

Егер "Шығысэнерготрейд" өтінімі мақұлданса, ШҚО тұрғындары үшін жарық бағасы – 17,372 теңге/кВтсағ, басқа тұтынушыларға үшін (электр энергиясын тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланбайтын тұтынушылар) — 27,639 теңге/кВтсағ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер үшін - 22,867 теңге/кВтсағ болмақ.

Айта кетейік, бұдан бұрын Павлодар облысында жылу мен ыстық су бағасы күрт өскенін хабарлағанбыз.