Астанаға жақын маңдағы аудан 4 айдан бері сусыз отыр: Құбыр жөндеуге кеткен 1 млрд теңге қайда?

Ғалиасқар Думан

Астанадан 180 шақырым жердегі Егіндікөл ауданының тұрғындары төрт айдан бері сусыз отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Дидар Смағұловтың парақшасынан

Мұндай мәлімдемені әлеуметтік желіде Дидар Смағұлов жариялады.

«Өз белсенділігімен олар төтенше жағдай режимін енгізуге дейін қол жеткізген. Ауылда су жоқ деген не сөз? Демек, бұл ауылдардың тұрғындары бақшасын да, малын да суара алмайды. Жем-шөбін дайындауда қиналады. Тамаққа да, жуынғанға да су керек. Мұндайда қалай күн көру керек? Дұрыс – қашқан абзал», - деп жазады ол.

Дидар Смағұлов келтірген мәліметке сәйкес, кейінгі екі жылда бұл ауданның тұрғындары 15 мыңнан 6,5 мың адамға дейін азайған.

«Екіжүзділіктің көкесі осы жылдың сәуірінде болды. Ақмола облысының әкімі Маржықпаев халықпен кездесуге келген кезде. Дәл сол уақытта ауылда ішетін суды беріп кеп жіберді. Әлбетте, ауыл тұрғындарының бәрі ыдыс-аяғын суға толтыруға асықты. Себебі аздан кейін судың қайта тоқтап қалатынын білді. Осылайша, наразы халықтың бір бөлігі әкіммен кездесуге келмей қалды. Міне, шенеуніктердің өнері қандай?» - дейді қоғам белсендісі.

Оның жазуынша, аталған ауылға су жеткізу үшін құбырларды жөндеуге үш жылда 918 748 200 теңге бөлінген.

«Алайда министрлік те, Нұра топты су құбыры мекемесі де «нақты қандай учаскелерді жөндеу жұмыстары жүргізілгенін» білмейді. Олар сол жақта қалай жұмыс істеп жатқанын елестетіп көріңіздерші!? Біз осы миллиардтар бөлінген жөндеу жұмыстарын тексергіміз келген. Бірақ бұларың қандай жерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанынан мүлде хабары жоқ», - дейді ол.