Алматыда 44 келімсек елден шығарылды

Ulysmedia

Алматы полициясы заңсыз келімсектерге қатысты іс-шара жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: Ашық дереккөзден

Тексерулердің екі күнінде 340 келімсек жауапқа тартылды. Жедел-алдын алу іс-шарасы шаһарда заңсыз жүрген адамдарды анықтауға, сондай-ақ қаладағы көші-қон арналарын тоқтатуға бағытталған. Іс-шара аясында полицейлер келімсектердің уақытша тұратын жерлерін, құрылыс алаңдарын, жертөлелерді, сондай-ақ азаматтардың жаппай жиналатын жерлерін - базарларды, теміржол маңындағы аумақтарды, көлік тұрақтарын, саяжайлар мен өндірістік аймақтарды тексеруде, дейді Алматы қаласының полиция департаменті.

«Екі күндік рейд кезінде ҚР көші-қон заңнамасын бұзған 507 құқық бұзушы анықталды және жауапқа тартылды. Олардың 340-ы шетел азаматтары. Сот шешімімен көрші мемлекеттердің 44 азаматы елден шығарылды», - дейді Алматы қалалық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Геннадий Мен.

Ол сондай-ақ шетелдіктердің ҚР-да болу заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қабылдамағаны үшін Қазақстанның 145 лауазымды және заңды тұлғасы әкімшілік жауапқа тартылғанын атап өтті. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін тарту ережесін бұзғаны үшін 22 жұмыс беруші жауапқа тартылды.