×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

Үкімет Ұлттық қордан алдағы 3 жылда 6,6 трлн теңге алмақ

20.10.2021, 10:28
Коллаж: ulysmedia.kz.

Парламент мәжілісінде Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт көлемін бекіту туралы заң жобасы қаралып жатыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Айгүл Жұмабаева Ұлттық қордан алынатын трансферт көлемін азайту мәселесін көтерді. Оның айтуынша, осы жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде Ұлттық қордан алынатын қаражат түсімнен асып кеткен.

«Бюджеттің үш жылдық жобасында нысаналы трансферттерді азайту көзделген. Алайда біздің білуімізше, әдетте, бюджетті талқылау барысында трансферт көлемі бәрібір көбейіп кетеді. Биыл Есеп комитеті жүргізген 12 аудиторлық шара кезінде 70 нысанда 1 трлн теңге қаражаттың тиімсіз жұмсалғаны анықталған еді. Биылдың өзінде былтырғыдан қарағанда Ұлттық қордың түсімі 3,3 есе азайған», - деді депутат Айгүл Жұмабаева.

Депутаттардың бұл уәжіне жауап берген ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев болжам бойынша Ұлттық қорға алдағы уақытта қанша қаражат түсетінін айтып өтті.

«Brent маркалы мұнайдың баррелі 60 АҚШ доллары кезінде Ұлттық қорға инвестициялық кірісті қосқанда 2022-2024 жылдары жалпы түсім 3,4-3,9 трлн теңге құрайды. Сонымен қатар Ұлттық қордағы қаражатты нысаналы және кепілдендірілген трансферт ретінде пайдалану кезінде 2022 жылы 3 трлн теңге болса, 2024 жылы 2,4 трлн теңгеге азаяды. Осылайша Ұлттық қорға нақты түсім өседі. 2022 жылы нақты түсім 445 млрд теңге болса, 2024 жылы 1,5 трлн теңге болады. Бұл қаражат валюталық активтердің де түсіміне оң әсер етеді. Біз Ұлттық қордың валюталық трансферті өсетінін болжап отырмыз», - деді Әсет Ерғалиев.

Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасына сәйкес, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін 2022 жылы 2,4 трлн, 2023 жылы 2,2 трлн теңге, 2024 жылы 2 трлн теңге көлемінде бекіту көзделген. Заң жобасын мәжіліс мақұлдады.

Серіктес жаңалықтары