«Бәрі Forbes-та»: Ірі сауда орталықтарын иеленген олигархтар салықтан жалтарған

Аян Өрібай

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті ірі сауда орталықтарын тексеруге шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

– Ірі сауда орталықтары мен сауда үйлері бағаның көтерілуіне кінәлі. Солардың қожайындары кінәлі деп ашық айта алам. Бүгінгі таңда ірі сауда орталықтарының қожайындарының бәрі – Forbes тізіміндегі олигархтар. Олар ешқандай қоғамның талабына бағынбайтын, мемлекет ішіндегі мемлекет құрып алған. 2018 жылы сауда орталықтарындағы бутиктерді жалға беру құны 1 шаршы метріне 4 мың теңге болса, қазір 21 мың теңге. Демек, бес есе өскен. Нәтижесінде, киім-кешекті бағасы жыл сайын өсіп жатыр, – деді Анас Баққаожаев мәжілістегі үкіметтік сағатта.

Депутаттың айтуынша, көп бутикте есептегіш құрал жоқ. Соны пайдалана отырып, сауда орталықтары коммуналдық төлемдерге ойына келген бағаны қояды. Араны ашылғаны соншалық, олар жалға беру бағасын қымбаттатумен қатар, екі-үй алдын ала депозит талап етеді. Осылайша, маңдайы терлемей, миллиардтап пайда тауып отырған сауда орталықтары мемлекетке салық төлемеудің де жақсы ойластырған. Олардың басым бөлігі жалға беру ақысын қолма-қол алады. Кірістерін жасырып отыр. Осының бәріне саудагерлерді «сауда үйлерінен шығарып тастаймыз» деп қорқытады.

– Амалсыз саудаға кеткен халық осылайша, сауда орталықтарының айтқанына көнеді. Осы сауда орталықтарының қашан реттейсіздер? Саудагерлермен бірігіп, қоғамдық бақылау орнатып, салықтық ревизия жасауға дайынсыз ба? – деп сұрады депутат.

Сауда министрінің айтуынша, екі ай ішінде ірі сауда орталықтарына ревизия жасалған. Мысалы Алматыда 27 базар бар. Соның 26 ірі сауда желісі, 2 мың сауда дүкен тексерілген.

– Биыл заңға бірнеше өзгеріс енгізілген. Мысалы субарендаға қазір заң бойынша жол берілмейді. Тек көпформатты сауданы дамыту арқылы біздің өндірушілерге өндірілген өнімді сатуға жол береміз. Екіншіден, бақылау жағынан мыңдаған әкімшілік іс қозғалды. Бірнеше жыл бойы бұл мәселе бақылауда болмаған. Ешкімнің құзыреті болмаған. Биылдан бастап сауда комитеті бақылау құзіретін алдық. Құзырет жағынан үстемесін қарап, арендаторларға қандай міндеттер қойылғанын қараймыз. Үшіншіден, модернизацияға ерекше назар аударамыз. Келесі жылы көшпелі отырыс жасап, Астана үлгісінде интерактивті карта ішінде қандай бағамен, қандай үстеме болуы керектігін көрсетеміз, – дейді министр.