Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға «көрпеге қарап көсіліңдер» деп ескерту жасағаннан кейін туризм және спорт министрлік «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясына бөліп отырған қаражатты қысқартты ма? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевке қойды.
2023-2024 жылдары ұлттық компанияға бюджеттен 1,5 млрд теңгеден бөлінген. Осы қаражат қаншалықты өз-өзін ақтап жатыр? – деп сұрақ қойылды вице-министрге.
Kazakh Tourism не дейді
Бұл сұраққа әуелі Kazakh Tourism ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы жауап берді. Оның айтуынша, шамамен биыл ұлттық компанияға бөлінген қаражат шамамен 20 пайызға қысқартылған.
Біз қаражат жетіспейді деп айтамыз. Себебі оның негізгі бағыты – шетелге Қазақстанды таныту, сол арқылы көбірек туристерді әкелу. Қолда бар бюджетке біз шамамен жылына 3-4 көрмеге қатысып, Қазақстанның туристік операторларын сол жерде біріктіріп, серіктестерін тартып, топ-топ туристерді тартқымыз келеді. Екіншіден, түрлі әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан туралы ақпаратты көбейтсек дейміз. Осының бәрі жылдан жылға үзбей жасалатын жұмыс. Себебі әлемдік бәсекеге, көрші елдердің маркетиңге шығарған шығынын қарасақ, кейбір мемлекетте бұл бағытта шығын 10 шақты есе көп, – дейді ол.
Даниел Сержанұлының сөзінше, бюджет қысқартылғанына қарамастан, тек орталық деңгейде емес, жеке туризмге қатысты компаниялар, әкімдік өкілдерінің басын қосып, маркетиң жұмысы жүргізіліп жатыр.
Ол ақшаның тиімділігі жайлы дұрыс айттыңыз. Біз маркетиң жұмысын шашыратып жасай бермейміз. Негізгі мақсат – Қытай, Үндістан, Жапония, Германия, Италия, Араб елдеріне жарнама жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Соның нәтижесінде жылдан жылға олардан келген туристер саны өсіп келеді. Қытайдан 80 пайызға дейін, Үндістанға 3 есе, Италиядан келген туристер бір жарым есе өсті. Солардан келген пайда да шығып жатыр. Былтыр туризмнен түскен салық деңгейі 500 млрд теңгеге таяды. Бұл біздің Kazakh Tourism-ге айтылып жатқан сынмен салыстырар болсақ, әлдеқайда көп сома, – дейді ол.
Вице-министрдің пікірі
Ал туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakh Tourism ұлттық компаниясының биылғы бюджеті 2019 жылғы бюджетімен салыстырғанда едәуір аз. Биыл 1,2 млрд теңге бөлінсе, ол жылы 3,2 млрд теңге жұмсалған.
Kazakh Tourism бюджеті 1,1 млрд теңге. Маркетиңге бағытталған қаражат. Өзбекстанның бюджеті 9 млн доллар, Қырғызстанда 12 млн доллар, Әзербайжанда 32 млн доллар, Грузияда 86 млрд доллар. Демек біздің бюджет басқа елдермен салыстырғанда едәуір төмен. Соның өзінде нәтиже ретінде салыстырсақ, сырттан келген туристер саны бізде көп. Өзбекстанға былтыр 10,2 млн шетелдік туристі қабылдады. Олардың ұстанымы – шетелден келген әр адамды турист деп санайды. Біз жұмыс істеу мақсатымен келгендерді санамағанда, 10,4 млн адам. Демек біздің маркетиңге бағыттаған бюджетіміз тиімді, – дейді ол.
Вице-министр шыққан шығын өзін-өзі ақтап отыр деп есептейді.