Берекесі қашқан салықтық режим: кәсіпкерлер Жұманғаринге сәлем айтты

Сырым Қаржас
Коллаж: ulysmedia.kz

Жеңілдетілген салық режимінен шығып қалу қаупі бар кейбір бизнес түрлері дүрбелеңге түсуде. Осыған дейін жеңілдетілген салық режимінің қызығын көріп келген кәсіпкерлер үкіметтің жаңа тізімімен келіспейді. Аталған тізім жарияланғалы талқыға түсіп, арты дауға айналуда. Құжат кеше «Ашық НҚА» порталында жарияланып, қолданыстағы 1111 экономикалық қызмет түрінің (ЭҚТЖ) 795-ін қамтыған. Яғни, осынша қызмет түрі бұрынғы игіліктерінен қағылады деген сөз. Қоғамдық талқылауға небәрі бір апта ғана уақыт берілген, содан кейін жоба министрлік тарапынан бекітілуі мүмкін. Ulysmedia.kz тілшісі жобаны талқылау барысында қазақстандық кәсіпкерлердің көңілі неге толмай отырғанын анықтады.

ЭҚТЖ ескірген
 
Кездесу елордадағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында өтті. Қатысушылар салық режимдерін ЭҚТЖ бойынша бөлу, жалпы алғанда, қисынсыз екенін атап өтті. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтің айтуынша, қазіргі ЭҚТЖ тізімі ескірген. Біріншіден, көптеген заманауи қызмет бағыттарына сай келетін код мүлде жоқ. Екіншіден, осының салдарынан бір ЭҚТЖ аясында ірі және шағын кәсіпорындар қатар қамтылып, көптеген шағын компаниялар автоматты түрде шектеулерге ілінген.

– Мысалы, кодтардың бірі желілер мен жабдықтарды жүргізуге қатысты. Бастапқыда бұл ірі корпоративтік бизнес сияқты көрінеді. Бірақ іс жүзінде әңгіме бейнекамералар, дабыл жүйелері, Wi-Fi орнату және тағы басқалар туралы болып отыр. Мұнымен екі-үш адамнан құралған шағын бригадалар айналысады. Немесе сабын өндірісін алайық. Ресми түрде ол «парфюмерлік қызметке» жатады және өндірістік болып көрінеді, алайда іс жүзінде бұл –қолмен косметикалық өнімдер жасайтын шағын шеберханалар. Сондай-ақ қолөнер мен зергерлік қызметке қатысты да мәселелер бар. Қазақстанда бұл, әдетте, ірі компаниялар емес, 2-3 адам жұмыс істейтін шағын шеберханалар. Біз мемлекеттік органдарға мұндай салалар шектеулерге ілігуге тиіс еместігін жеткіздік, - деді Жаркенов.

Бұл пікірді Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов те қолдады. Оның айтуынша, алдын ала есептеулерге сәйкес, Қазақстандағы бизнес субъектілерінің 90%-ы өз ЭҚТЖ-ларына сай келмейді.
 
Бизнестің қай түрі жеңілдетілген режимде қалуы керек?
 
«Рұқсат етілген қызмет түрлерінің» жобалық тізіміне 316 кәсіп түрі енген, негізінен бөлшек сауда, такси, тұрмыстық бұйымдарды жөндеу, шағын өндіріс, шағын жылжымайтын мүлікті жалға беру, мектепке дейінгі білім беру және тағы басқалары бар. Депутат Қошмамбетовтың айтуынша, салық режимін таңдау құқығы кәсіпкердің өзінде қалуы тиіс.

– Егер оның тұтынушылары жеке тұлғалар болса, онда ол жеңілдетілген режимде жұмыс істей берсін: бұл әрі оған, әрі тұтынушыға ыңғайлы. Ал егер тұтынушылары заңды тұлғалар, сауда желілері және тағы басқалар болса, онда басқа, өзіне сай келетін режимді таңдасын. Міне, кәсіпкер еркіндігі дәл осылай жүзеге асуы керек. Біз салықтарды жойып немесе ешқандай негізсіз жеңілдік беріп отырғанымыз жоқ. Жеңілдетілген режим – бұл артықшылық емес, қалыпты салықтық құрал. 4% дегеніміз – бұл әділ салық жүктемесі, - деді депутат.

Кімнің бизнесі жабылуда, кімдер банкрот болып жатыр?

Басқарушы компаниялардың, туристік агенттіктердің және жекеменшік медицина ұйымдарының өкілдері үкіметтің ұсынысын қолдамады. «Халықаралық бизнес – Алтын Орда клубы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанат Елеусізов жеңілдетілген режимді өзгертуге бағытталған реформаға мүлдем көңілі толмайды. Оның пікірінше, ережелер қазіргі күйінде қалуы керек. Айта кетсек, қазіргі Салық кодексі 15 қызмет түріне (жер қойнауын пайдалану, қаржы агенттіктері, лотереялар және т.б.) жеңілдетілген режимді қолдануға тыйым салады.

– Жеңілдетілген салық режимі не үшін енгізілді? Кәсіпкер бизнесті бастағанда оған көмек болуы үшін жасалды. Кейін орта бизнеске дейін өсе ме, әлде шағын күйінде қала ма, оны өзі шешеді. Егер кәсіпкерге жеңілдетілген режимде жұмыс істеу ыңғайлы болса, ол кәсібін шағын көлемде қалдыруға ерікті. Ол өзіне, отбасына ғана емес, бірнеше қызметкердің табыс табуына мүмкіндік беріп отыр. Яғни, ол ешкімге ештеңе қарыз емес. Мемлекеттен ештеңе сұрап отырған жоқ. Салығын төлейді, сондықтан оған тиісудің қажеті жоқ, - деді ол.

Кәсіпкер Үкіметтің мемлекеттік бюджеттің «жыртығын» шағын бизнестің есебінен, яғни ҚҚС базасын кеңейту арқылы жамауға тырысып жатқанын сынға алды.  

– Бізді ақымақ санаудың қажеті жоқ. Бұл тізім дәл осы мақсатпен жасалған. Менің ойымша, сол 795 кодқа және басқасына келіспеу керек. Өз ұстанымымыздан таймау қажет. Біз бизнес өкілдеріміз, яғни әрдайым өз құқығымызды қорғауымыз керек. Басымызды қатырмай, бизнеске таңдау еркіндігін беріңдер, – деп талап етті ол.

Айта кетсек, салық кеңесшісі Әсемгүл Әміркенова да қазіргі жеңілдетілген режим бойынша шектеулерді оңтайлы деп атады. Іс-шара соңында «Атамекен» ҰКП өкілдері Шағын және орта бизнес комитеті барлық ұсыныстарды ескеретінін және оны ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің атына жолдайтынын хабарлады.