Қазақстан Ұлттық банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін 46%-дан 40%-ға дейін түсіруді жоспарлап отыр. Бұл бастаманы мәжілісте өткен жиында ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов таныстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Несиелеу нарығындағы жаңа бағыттар
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл қадам халықтың қарыз жүктемесін азайтып, банктердің тәуекелін төмендетуге бағытталған. Бұған дейін көрсеткіш 56%-дан 46%-ға дейін төмендеген болатын.
- Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақының шекті мөлшерлемесін 56%-дан 46%-ға дейін төмендетті. Қазір оны 40%-ға дейін төмендету қажеттілігі қарастырылып жатыр, – деді Тимур Сүлейменов.
Сондай-ақ, Ұлттық банк пен ҚНРДА биылғы жылдан бастап валюта операцияларын айна бейнелеуді енгізіп, қаржы жүйесін тұрақтандыруға арналған жаңа құралдарды қабылдады.
2026 жылдың сәуірінен бастап банктер жеке тұлғаларға берілген несиелер бойынша тәуекелге өлшенген активтердің 2%-ы мөлшерінде қосымша капитал қорын қалыптастыруы тиіс.
Қарыз жүктемесі мен салық саясаты өзгереді
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктердің табысына жаңа салық тәртібі енгізіледі. Енді банктер тұтынушылық несиеден тапқан пайдасына 25%, ал бизнеске берілген несиеден тапқан пайдасына 20% мөлшерінде салық төлейді.
Бұл өзгеріс банктерді халыққа емес, кәсіпкерлерге көбірек несие беруге ынталандыру үшін жасалып отыр. Сонымен қатар, қарыз алушылардың табысын тексеру талаптары да күшейтіледі — яғни, банк енді әр адамның несиені өтеу мүмкіндігін мұқият бағалайды.
Жаңа реттеу құралдары мен BNPL нарығы
Халықтың шамадан тыс қарыздануын шектеу үшін «қарыздың табысқа қатынасы» атты жаңа көрсеткіш енгізіледі. Сонымен қатар, Үкімет пен ҚНРДА бөліп төлеу және BNPL, яғни қазір алып, кейін төле жүйелерін реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеуде. Бұл өзгерістердің мақсаты - азаматтардың қаржылық тұрақтылығын қорғау және жауапты несие беру мәдениетін қалыптастыру.