×
445.66
474.58
4.78
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
445.66
474.58
4.78

Маңғыстауда жұт, ал АШМ 505 млн теңгеге автокөлік алды

14.09.2021, 09:29
Коллаж:ulysmedia.kz

Маңғыстау облысында қуаңшылық болып, төрт-түлік жұтқа ұшырып жатқан тұста Ауыл шаруашылығы министрлігі жарты миллиард теңгеге жеңіл автокөлік сатып алды. 9 қыркүйек күні осы ведомствоның Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті «СарыарқаАвтопром» компаниясымен 505 млн теңгеге келісімшарт жасасты. Ulysmedia тілшісі осы тендердің жай-жапсарын анықтап көрді.

МЕМТАПСЫРЫС ҚАНДАЙ ТӘСІЛМЕН ӨТТІ?

Бастапқыда бұл тендерді «Біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурс» тәсілі бойынша өткізу жоспарланған. Алайда конкурс жарияланғанда тендерге қатысуға «СарыарқаАвтопром» компаниясы ғана өтінім білдірген. Ал «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес, конкурс кезінде бір ғана компаниядан өтінім түссе, тендер өтпейді, тапсырыс беруші «Өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бiр көзден сатып алу» тәсіліне жүгінеді.

Құны 505 млн болатын тендерге қатысуға «СарыарқаАвтопром» ғана өтінім білдірген соң тапсырыс беруші (Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті) тікелей осы компаниямен келісімшартқа отырған.

ТАПСЫРЫС БЕРІЛГЕН ҚАНДАЙ ТАУАР?

Келісімшартқа сәйкес, «СарыарқаАвтопром» 90 күн ішінде Қазақстанның 10 облысына барлығы 113 жеңіл автокөлік жеткізуге тиіс. Министрлік тапсырыс берген машина маркасы – Chevrolet Cobalt. Бір данасының құны 4 млн 476 мың теңгеге бағаланған.

Фото: Chevrolet Cobalt

Сатып алынған авкөліктің негізгі сипаты төмендегідей:

Кепілдік мерзімі: 36 ай;

Шыққан жылы: 2020 ерте емес;

Шанақтың үлгісі: седан;

Есіктер саны төрттен кем емес; Орындар саны бестен кем емес;

Түсі: ақ;

Қозғалтқыштың жұмыс көлемі: 1485 см 3;

Ұзындығы: 4479 мм-ден кем емес;

Ені: 1735 мм-ден кем емес;

Бұған қоса, автокөліктің жүк салғышында дәрі сақтауға арналған шағын тоңазытқыш пен термочемодан бар. Бұдан көліктің мал дәрігерлері үшін сатып алынғанын аңғаруға болады. Ал сипаты жоғарыдағыдай көлік мал дәрігерлеріне қолайлы ма? Осы сұрақты олардың өзіне қойдық.

–Бізге 2013 жылдан бері қызметтік автокөлік берілген жоқ. 8 жыл бұрын берілген «Ниваның» тоз-тозы шықты. Жиі бұзылады. Меніңше, Chevrolet Cobalt автокөлігі таудағы, жолсыз елді-мекендердегі шаруа қожалықтарына баруға жарамайды. Бұл көлікпен тек аудан орталықтарындағы үйлерді аралап, мал емдеуге болады. Ал малдың көбі ауылдық жерде, сәкесінше жұмыстың басым бөлігі де ауылда. Моторының жұмыс көлемі 1,5-ке жетпейтін Chevrolet Cobalt ауданнан облыс орталығына қатынағанға да қолайсыз сияқты, – дейді атын атамауды өтінген Жамбыл облысындағы бір ауылдың мал дәрігері.

«САРЫАРҚААВТОПРОМ» ҚАНДАЙ КОМПАНИЯ?

505 млн теңгенің тендерін иеленген «СарыарқаАвтопром» – 2010 жылы құрылған өндірістік компания. Алайда бұл компания машина жасаумен емес, құрастырумен айналысады. 11 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл компанияның қазір екі құрылтайшысы бар. Біреуі – Қостанай облысы әкімдігіне қарасты «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы, ал екіншісі – Allur Auto ЖШС. Соңғысының жалғыз құрылтайшасы бар. Ол – «Аллюр компанияларының тобы» акционерлік қоғамы. Ал бұл акционерлік қоғамға миллиардерлер – Андерей Лаврентьев пен Юрий Цхай (бұрынғы бокс бапкері) және мемлекетке қарасты «Baiterek Venture Fund» акционерлік қоғамы мен «Қазақстанның Даму Банкі» иелік етеді.

«СарыарқаАвтопром» 2016 жылдан бері мемлекеттік сатып алуға қатысып келе жатыр. Осы бес жыл ішінде компания мемлекеттік органдардан 550 рет тапсырыс алған. Оның тек 14-інде ғана ашық конкурс арқылы жеңімпаз атанған.

Мият Кәшібай, Алматы

Серіктес жаңалықтары