Әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов 97 жасқа толды

Ulysmedia

Бүгін әйгілі қазақ жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 97 жасқа толды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: Ашық дереккөзден

Жастық шақ

1924 жылы 22 қазанда әйгілі қазақ жазушысы, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов дүниеге келді. Ол Қызылорда облысы Арал ауданында туған. Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтын бітірді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

Қызмет

1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. 1992-2000 жылдары Қазақ ПЕН-клубының президенті қызметін атқарған. 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы қызметінде болған.

Тұңғыш шығарма

Тұңғыш шығармасы - Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романы кейіннен өңделіп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жарияланған.

Қан мен тер

«Қан мен тер» трилогиясы және «Сең», «Соңғы парыз» романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тіліне аударылды. «Қан мен тер» трилогиясы орыс, француз, испан, чех, румын және түрік тілдерінде жарық көрген. Осы роман бойынша жасалған инсценировка М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан тұрақты орын алып, экранға шықты.

Шығармашылық

Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шыққан. 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрді. А.Чеховтың, М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.